Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, тамыздың үшінші жексенбісі спорт күні ретінде бекітіліп, жыл сайын дәстүрлі түрде аталып келеді. Спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижеге жетуде. Толағай табыстарда жаттықтырушыларымыздың маңдай терлері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығы айтпаса да белгілі. Келешекте біздің спортшыларымыз жаңа белестерді бағындырып, бұқаралық спорт отандастарымыздың күнделікті өмір салтына айналатынына сенімдіміз.
Әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы барлық саланы тұралатып қойғаны рас. Өздеріңізге белгілі, елімізде барлық өткізілетін іс-шаралар жағдай тұрақталғанша өткізілмейді. Спортшыларымыз ашық алаңқайдың астында, саябақтарда, скверлерде шынығып, жаттықтырушылар онлайн түрде тапсырмаларын беріп отырады. Мемлекет тарапынан спорт саласын қолдау бірде-бір рет назардан тыс қалған емес. Қазіргі кезде «Шу-Бурылбайтал» тасжолының бойынан орын тепкен 200 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілу жұмыстары атқарылуда. Бұдан бөлек, ауылдағы тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін спорт алаңшаларының санын арттыру мақсатында аудандағы 9 ауылдық округте құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қалыпты күнімізге оралып, спорттың әлеуетін арттыру жолында алда талай еңбек ететін боламыз. Коронавирус пандемиясы кезінде спортпен айналысудың қаншалықты маңызды екендігін бұқара халық жанымен түсінді.
Орайы келгенде жағымды жаңалығымызбен бөлісіп, аудан жұртшылығын сүйіншілеген де артық болмас. Күні кеше ғана спорт саласының ардагері, аудандық мәслихат депутаты Сайфуддин Абдуманапов Мәдениет және спорт министрлігінің «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Спорт күні қарсаңында барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортсүйер жанкүйерлерді мерекелерімен құттықтай отырып, шынығудың арқасында шымыр болып, талай жетістіктерге жетуін тілеймін.
Қасымхан Мәуленов,
Шу ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.