A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайдың 10 ауылдық округінде дін мамандарымен кездесулер өтті

230

Қордай ауданында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға арналған кешенді шаралар жүргізілуде. Кездесулер барысында көпшілікке деструктивті діни ағымдардың зияны, оларға төтеп беру жолдары мен дәстүрлі дін жолын ұстану тақырыптары аясында дәрістер оқылып жатыр. Теологтардың айтуынша, ауданда діни ахуал тұрақты, тұрғындардың ұстанымы түзу. Дегенмен, мұндай шаралар елдің діни ілімін одан да тереңдетуге үлкен үлес қосады дейді мамандар.
Тоқсаныншы жылдардан бастап елімізге деструктивті діни ағымдар шабуыл жасай бастады. Идеологиясы дәстүрлі діни ұстанымдарға қайшы келетін мұндай ағымдар азаматтардың санасын улап, елді адастырмақ болды. Олардың ішінде «Хизбут-Тахрир» ағымы алғашқылардың бірі болып Қазақстан аумағында заңсыз әрекет ете бастады. 2005 жылы бұл ағым экстремистік деп танылып, сот шешімімен оның қызметіне тыйым салынған болатын. Сондай-ақ, уаххабизм, салафизм бағытындағы радикалды бағыттар да жұртшылықты өз шырмауына түсіргісі келеді. Мемлекет тарапынан оларға төтеп беру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі – халықтың діни сауаттылығын арттыру. Қордай ауданының 10 ауылдық округынде өткен кездесулер барысында тұрғындар білікті теологтарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, білімдерін тереңдетуге тырысты. Басқосулар барысында теріс пиғылдағы діни ағымдарды танып-білудің жолдары мен оларға төтеп беру туралы көп айтылды. Әсіресе, жастардың санасын улауға тосқауыл қою басты міндет болып отыр. Қазіргі таңда смартфонға телмірген жеткіншектер түрлі әлеуметтік желілерден келген қауіпті жазбалардың мазмұнын түсінбей, от басып қалулары әбден мүмкін. Сондықтан, балалардың іс-қимылын байқап отыру туралы ата-аналарға тағы бір ескертілді. Сондай-ақ, тек отбасы ішінде ғана емес, ауыл, аудан жұртшылығының діни сауатын арттыруға бірлесе күш жұмсау мәселесі сөз болды.
Мұндай басқосулар жыл соңына дейін жалғаса береді. Жұртшылық деструктивті діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеуі үшін одан бөлек дөңгелек үстелдер , тақырыптық семинарлар ұйымдастыру көзделген.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.