A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайда жаңартылған ХҚКО ашылды

152

Бүгін Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин мен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданында орналасқан жаңартылған ХҚКО-ның жұмысымен танысты. Жаңа цифрлық кеңсе Батыс ш.а, 25 мекенжайы бойынша орналасқан.
Бұл орталық облыс әкімінің қолдауымен ашылған үшінші ХҚКО болып есептеледі. Бұған дейін Жамбыл облысында Нұржан Нұржігітовтың қолдауымен Байзақ ауданында жаңа форматтағы ХҚКО және Шу қаласында жаңа ХҚКО секторы ашылды. Айта кетейік, барлық жаңартылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарға ыңғайлы болу үшін заманауи техника және жайлы жиһаздармен жабдықталған.
«Өткен жылы біз жаңартылған ХҚКО-ларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді бастадық. Жақын арада барлық өңірлерде заманауи және ыңғайлы халыққа арналған цифрлық кеңселерді ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңа Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу барысында облыс әкімдерінің қолдауы ерекше маңызды. Себебі, бірлескен күш-жігермен ғана біз азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуға қолайлы жағдай жасай аламыз. Жамбыл облысының әкіміне осы мәселеге жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін», — деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.
«Қордай ауданында 150 мыңға жуық азамат тұрады. Біз жаңартылған ХҚКО-ның ашылуымен кезектердің азаюуын, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді алу уақыты айтарлықтай қысқаруын күтеміз. Бұдан басқа, азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында қызмет алу арқылы, өздерінің цифрлық сауаттылықтарын арттыра алады», — деді, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.
Жаңа ХҚКО-ның алаңы шамамен 2 мың шаршы метрді құрайды. Бұл көлем алдыңғы орталықпен салыстырғанда едәуір үлкен. ХҚКО жылдамдық, әлеуметтік қызмет, жайлылық, байланыс және өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына бөлінген. Бұдан басқа, ХҚКО-да аудандық тіркеу, жер кадастры және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері қызмет көрсетеді.
Келушілерге ыңғайлы болу үшін ХҚКО-ның аймағында 100 көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Күн сайын жаңа ХҚКО-ға Қордай ауданының 500-ге жуық тұрғыны келеді деп күтілуде.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.