A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайда пилоттық жоба аясында 252 өтінім мақұлданды

259

Облыс тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жобаға аймақ бойынша таңдалған 10 ауылдың ішіндегі Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде бүгінгі таңда қызу жұмыстар басталған.
Әуелде жобаға 263 азамат қатысады деп жоспарланған болатын. Алайда, тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық туындауына байланысты өтініш берушілер саны 331-ге жетіп, оған бөлінетін жалпы сома 1,5 млрд. теңгені құраған. Бүгінгі күнге 252 өтінім мақұлданып, жалпысы 691,9 млн. теңге несие өз иелерін тапқан.
Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану болғанын айта кеткен жөн. Оған ауылдық округ бойынша 950 аула қатысып, жалпы 62 гектар жер игерілмек. Тұрғындар аулаларына картоп, қияр, сәбіз сынды дақылдарды отырғызып, мол өнімнен үмітті. Осы ретте округте құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауылшаруашылық кооперативі арқылы қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін келісім шарттар жасалып, толық қаржыландырылған. Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округі бойынша жалпы 12 шақырым арықтарды тазалау жұмыстары қарқын алды. Демек, әр аулада су болады.
Әрине, ауылдағы ағайынның басым бөлігі төрт түлік бағуды жөн тұтады. Бұл бағытта 329 азамат өтінім берді. Бүгінгі күнге 252 азамат 691,9 млн. теңге несиелерін алды, оның 551,3 млн. теңгесіне 3120 мал басы сатып алынды. Тұрғындар көбіне мал бордақылауға көңіл бөлуде, десе де сүтті сиыр алғандар да баршылық.
Ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдалану бағытында жалпы 690 гектар (арпа 300 га, бидай 300 га, сүрлемдік жүгері 90 га ) жер игерілетін болады. Осы егістік жерлерде жұмыстарды атқаруға 13,6 млн. теңге қаражат «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауылшаруашылық кооперативіне бөлінді. Бүгінгі таңға 690 гектар жер толығымен айдалып, дәнді, масақты және көпжылдық шөптерді егу жұмыстары жүргізілген.
Ауылшаруашылық кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу жұмысы тура жолға қойылған. Осы орайда, барлығы 125,9 млн. теңгеге 19 дана түрлі техника алыныпты. Нақтырақ айтсақ, 3 трактор, 1 шөптайлағыш, 1 культиватор, 2 соқа, 2 дәнсепкіш, 1 дәрі шашқыш, 1 арық қазатын және 1 тыңайтқыш шашатын құрылғы алыныпты. Жақын арада тағы 1 дәрі шашқыш (2,5 тонналық), 1 жүгеріге арналған культиватор, 1 жатка, 1 комбайн және 1 жүк көлігі алынбақ.
Жобаның 5-ші бағыты бойынша Владимир Кириллов есімді азамат бал омартасын ашу үшін 3,7 млн. теңге несие алыпты. Қазіргі уақытта ол 87 бал ара жәшігі және бал жинауға қажетті кұрылғы алып, жұмысқа кіріскен.
Осылайша, ауыл өміріне жаңа леп берген жобаның аяқ алысы жаман емес. Биыл жоба өзінің тиімділігін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жетсе, алдағы жылдары өзге де ауыл-аймақ қамтылмақ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.