A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайда ауызсу мәселесі шешімін табуда

224

Елбасы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесін жіті бақылауға алып, өзЖолдауында 2020 жылға дейін ауыл
тұрғындарының 80 пайызы және қала тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылуы үшін тиісті органдарға
барынша күш салуды тапсырған болатын.«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Үкіметке жыл сайын ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кем дегенде 100 млрд.теңге қарастыруды тапсырып, оның жүзеге асуын қатаң қадағалауға алған еді. Бүгінде сол
тапсырманың оң нәтижесін байқаудамыз.
Қордай ауданы бойынша 30 ауыл орталық ауыз су жүйесімен қамтылып, тұрғындар сапалы ауыз суды қолданатын болса, 11 елді мекен кезекке қойылған. Жаңатұрмыс, Жамбыл, Қақпатас, Беріктас, Қызылсай, Қалғұты, Бетқайнар, Ауқатты, Әлжан ана, аудан орталығының тұрғын үй алқаптарында жаңа сумен қамту жүйелері іске қосылып, биылғы жылы Қарасу ауылында осындай жүйе құрылысы басталды.
Ендігі кезек Арал ауылына жетіп, мемлекет бюджетінен жаңа сумен қамту жүйесін жүргізу үшін қаражат бөлінді. Сарапшылар су қорын растап, зертханалық зерттеуге сәйкес судың ешбір қоспасыз санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екенін анықтаған. Ұңғымалардың тереңдігі 135 метрді құрайды.
Жаңа су құбыры іске қосылған жағдайда 248 аула, яғни 1500 астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ. Жоспар бойынша сыйымдылығы 150 текше метр екі резервуар-жинақтауыш, сусорғы стансасы және бактерицидтік құрылғы орнатылатын ғимарат салынады. Су құбырға түсер алдында ультракүлгін сәулелермен залалсыздандырылады. Осылайша судың жоғары сапасы қамтамасыз етілмек. Одан басқа, электр сөніп қалған жағдайда қолдану үшін құрылысшылар автономиялық резервтік дизель электр стансасын салуды көздеп отыр екен. Қажетті техника, дәнекерлеу құрал-жабдығы, басқа да құрал-саймандары сай жұмысшылар ауылға су тарту жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.
Қазіргі таңда жұмыс екі көшеде жүріп жатыр. Экскаватормен арнайы траншея қазылып, құбырлар тартылуда. Тұрғын үйлерге суды қосу үшін құдықтар дайындалып қойған. Құбырлардың арнайы пластиктен жасалған, үлкен температура мен қысымға шыдамды келеді екен. 50 жылдан астам уақыт пайдалануға болатын құбырлар тат баспайды және ішінде судың екінші ластануына жол беретін шөгінді жиналмайды. Бұл дегеніңіз ондаған жылдар бойы сапалы таза су үйлерге жетіп тұрады.
Таза ауыз сумен ауыл тұрғындары, сонымен қатар мектеп, медпункт және балабақша қамтылмақ. Құрылыс жұмыстарын тиісті органдар мен атқарушы органдар өкілдерінің, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың қатаң бақылауына алынған.
-Сумен қамту жүйесінің құрылысы ауыл үшін жақсы жаңалық. Таза ауыз су – денсаулық кепілі екені анық. Басшылыққа деген алғысымыз шексіз, — дейді ауыл тұрғындары.
Соңғы жылдары «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары оңды жолға қойылған. Ауыз су қорларын анықтау және бекітуге қаражат қарастырылған жағдайда ауданның барлық елді мекендері сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.