Қоғамдық Кеңес қатардағы үкіметтік ұйымдардың бір емес, әр деңгейде құрылған кеңестерде жергілікті атқарушы органдар мен әкімдіктер, басқарма басшыларының есебін тыңдау құзыреттілігіне ие. Бүгін Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесте кеңейтілген құрамда облыстық басқарма басшылары атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Жиынға кеңес мүшелері, Облыстық «Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту» басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, Ішкі саясат басқармасының орынбасары Қарлығаш Өскембаева, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің орынбасары Жасұлан Әтенов және БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында Қоғамдық кеңестің рөлін, мақсат-міндеттеріне тоқталып өткен Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Абдраимов бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қоғаммен байланыс орнату тек ұрандаумен шешілмейді, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істеу қажет. Көз көріп, құлақ естіп отырған қарашаның мәселесі барлық уақытта бақылауда болуы тиіс. Мемлекеттің негізгі ресурсы – жастар екені баршамызға белгілі. Елдің жарқын болашаққа қадам басуы жалынды, білімге құштар, ізденімпаз жастардың қолында. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыз, оқымайтын (NEET) санатындағы жастардың үлесі 8,2 пайыздан 7,6 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтып өтті.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшесі, Облыстық мәслихат депутаты Сәуле Рысбаева күн тәртібінде қаралған әр тақырып бойынша жасалынған, атқарылған жұмыстардың құрғақ есебінен гөрі іс-жүзіндегі нәтижесі қалай екенін сұрады.
Сондай ақ, Назима Жубандықова, жастардың алды-артын аңдамай кредит алып, банктерге қарызы өскенін, Qnet сынды оңай табыс көздерінің алдауына түсіп қалмау үшін оларды мүлде жабу туралы ұсынысын айтты. «Мәселен соңғы мәліметтер бойынша 20 жасқа енді толған жастардың өзінде 1,5 миллион теңге көлемінде кредит бар. Тұрақты жұмысқа орналаспаған жас үшін бұндай үлкен суммадағы қаржыны беру дұрыс емес» дейді Жамбыл облыс Қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Күн тәртібі бойынша көтерілген мәселелердің бірқатары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім сапасы, жастар арасындағы өтімді бағдарламалардың негізі. Сондықтан, басқарма басшыларының жоспарлары Қоғамдық кеңестің бақылауында болатыны айтылды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ.