Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын әрбір бүлдіршін ерекше сыйлық күтетіні жасырын емес. Себебі, балдай тәтті балалық шақта қызылды-жасылды дүние қызықтырмай қоймайды. Бұл ретте бала біткеннің арман-тілегінің іс жүзінде жүзеге асуына ересек жандар қол ұшын созады.
Жуырда Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатта білім алатын балалар дәл осындай мүмкіндікке ие болды. Бұл күні өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №58 түзеу мекемесінің қызметкерлері және аталған мекеме аумағында жұмыс істейтін «Асима» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жүзімкүл Мамраиова білім ошағына арнайы барып, ондағы балаларға шахмат пен мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Өз кезегінде аталған интернаттың ұстаздары қауымы мен оқушылары жомарт жүректі ҚАЖ қызметкерлері мен жеке кәсіпкерге шынайы ризашылығын білдірді.