Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін карантиндік іс-шаралар шеңберінде ведомствоаралық комиссияның хаттамасымен мемлекеттік шекарадан өту тәртібі бекітілді. Бұл туралы ҰҚК шекара бақылау департаменті бастығының орынбасары, полковник Ғани Ағаділов мәлімдеді.
Оның ақпараты бойынша, талаптарға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін шекарадан өтуге уақытша шектеулер енгізілген. Бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтарына ел аумағына кедергісіз қайтып келуге, ал шетел азаматтарына республикадан тыс жерлерге шығуға рұқсат етіледі.
Шектеулер дипломаттарға, ұшақтар мен теңіз кемелерінің экипаждарына, поезд бригадаларына, жүк автокөлігіне және трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персоналға қолданылмайды. Шектеулердің толық тізбесімен ҰҚК сайтынан танысуға болады.
Қазіргі уақытта ҰҚК ШҚ шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасарының ақпараты бойынша, қолда бар 100 өткізу пунктінің 12 автомобиль пункті пандемияға байланысты уақытша жабылды (10 пункт Қазақстан–Ресей шекарасында, 2 пункт Қазақстан — Өзбек шекарасында).
Анықтама: қазіргі уақытта 51 автомобиль өткізу бекеттерінің 39 пункті жұмыс істейді, 12-сі уақытша жабылды. Республика бойынша сондай-ақ 27 теміржол пункті, 18 авиа, 3 теңіз және 1 өзен пункті жұмыс істейді. Бұл ретте көліктің барлық түрлері бойынша халықаралық жолаушылар қатынасы тоқтатылды.
«Аталған халықаралық өткізу бекеттерінде Шекара қызметі Мемлекеттік кіріс органдарымен, Денсаулық сақтау министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп шекаралардан өту кезінде санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қамтамасыз етеді», — деп толықтырды Г.Ағаділов.
Сонымен қатар, шекара қызметі өкілінің ақпараты бойынша, жолаушылар ағынының айтарлықтай азаюына қарамастан, карантин кезеңінде жүргізуші куәліктерін қолдан жасау 22 жағдайы, бөтен құжаттар бойынша шекарадан өтуге әрекет жасау 4, тауар-материалдық құндылықтарды шекара арқылы заңсыз өткізуге әрекет жасау 23, көлік құралында бұзушыны жасыру 1 фактісі анықталды.