A place where you need to follow for what happening in world cup

Қазақстандағы «қант дауынан» кейін тағайындалған Серік Жұманғарин шәйді тосаппен ішетінін мойындады

299

Еліміздегі «қант дауынан» кейін Бақыт Сұлтановтың орнына тағайындалған Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин шайды қантсыз, алайда тосаппен ішетінін мойындады. Сондай-ақ жаңа министр аумақтағы мәселелерді шешу үшін өзіне үш апта уақыт қажет екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Бір кездері мен кеңес армиясында қызмет еттім, онда бізге қант бермейтін. Мен қантсыз қара шай ішемін, әрине тосаппен», — деді Жұманғарин сейсенбіде үкімет дәлізінде журналистердің сауалына жауап беріп.

Министр қант өсімінің мәселелерін шешудің өзіндік кейбір әдістерін жоспарлап отыр ма, әлде ескі жолмен жүреді ме деген сұраққа ол барлық мәселенің шешімі бар екенін айтты.

«Біз айда өмір сүріп жатқан жоқпыз, басқа елдер қант өндіреді, сондықтан қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өнеркәсібін дамытудың жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл дұрыс қадам, шынымды айтсам, әлі толық оқып шыққан жоқпын, бірақ таяу арада үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің отырысында бекітіледі деп ойлаймын. Қанттың әлемдік бағасына тәуелді болмас үшін қант қызылшасын өзіміз өндіруіміз керек. Бәлкім, бұл өзіміздің қызылшадан қымбат болар, қалай дегенмен де бұл өзімізде болады. Халықты толық қамтамасыз ету үшін бізде қант зауыттарының қуаты жеткілікті. Бірақ шикізат жетіспейді, шикізатты Латын Америкасы мен Үндістаннан алып жатырмыз. Қазір біз зауыттарға Латын Америкасының қант қамысы өндірушілерімен ұзақ мерзімді байланыс орнату үшін бастапқыда айналым қаражатын беру туралы айтып отырмыз, бұл енді алаңдаушылық болмауы үшін жасалады. Менің бүгінгі міндетім — кейбір оқиғалардың неліктен орын алғанын және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алудың жолын табу», — деді Жұманғарин.

Журналистер экс-министр Сұлтановтың жұмысында қант мәселесінде ғана емес, басқа өнімдерде де олқылықтардың көп болғанына тоқталды.

«Біз әлеуметтік маңызы бар өнімдер туралы көбірек айтып отырмыз, мұнда бірнеше механизмдер бар. Біріншіден, өз өндірісімізді дамытуымыз керек. Ал бұл бірнеше жылға созылатын күрделі процесс. Екіншісі — келісімшарт. Келісімшарттың қалай жасалғанын көруіміз керек. Мүмкін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау қажет шығар, бұл үшін біраз қаражат бөлу керек. Негізінде, бұрын үкіметтің айналым схемаларына бөлген қаражаты жеткілікті. Белгілі бір маусымдық кезеңдер бар, мысалы, көкөністер, жемістер. Біз қанша қаласақ та көп өнім өндіре алмаймыз. Бізде оңтүстікте олар өсетін аймақ өте тар. Суық ара рай дегендей. Кейбір сәттерге тәуелді боламыз, мүмкін, жылыжай саласы бізге өз пайдасын тигізіп қалар», — деді жаңа министр.

Ол сондай-ақ «қандай жағдай болмасын бизнеске жағдай жасау керек» екенін баса айтты.

«Бұл мәселе осы аптада шешімін табатын сұрақтардың бірі. Әрине, министрлік үлкен, олар қателіктері бойынша жұмыстарын жүргізді, Ендігі менің сарапшылармен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, барлық бірлестіктермен кездесіп, олардың пікірін тыңдап, не ұсынатынын тыңдауым қажет», -деп қосты ол.

Латын Америкасынан логистика және шикі қантты жеткізу туралы айта келіп, ол «министрліктің жаңа логистиканы дамытумен белсенді түрде айналысып жатқанына» сендірді.

«Жаңа бағыттар – Иран, Ауғанстан және тағы басқалар, яғни қазір үлкен жұмыстар атқарылуда», — деді Жұманғарин.

Жұманғарин жұмысының алғашқы нәтижелерімен бір айға жетпес уақыт ішінде таныстырамын деген үмітін де жасырмады.

«Әрине, маған ешкім уақыт бермейді, алайда үш апта қажет болатын шығар», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, 15 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты орнынан алып, орнына Серік Жұманғаринді тағайындаған еді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.