Терроризммен бір қатарда қазіргі заманғы қоғам індеті есірткі болып табылатынын баршамыз білеміз. Ол қолда бардың барлығынан: денсаулық, жұмыс, дос, туыстар мен жақындардан, ең ақыры өмірден айырады. Кез келген ақыл-есі дұрыс адам өз ауқымымен үрейлендіретін бизнеспен, есірткі бизнесімен айналысатын адамдарға қауіппен әрі айыптай қарайды. Осыған орай Қазақстан да есірткіге қарсы күрес ел ертең үшін керек екенін жақсы біледі.
«Қазақстанның есірткі, соның ішінде синтетикалық есірткіге қарсы күрес салдарын БҰҰ тиісінше жоғары бағалап отырады. Біздің елімізде есірткі заттарының пайда болуына қатысты белсенді жұмыс істеу жағы сауатты жолға қойылған», – дейді сала мамандары.
Бұл ретте Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қоғам үшін қауіпті «кәсіптің» жолын кесу мақсатында дамылсыз еңбек етуде. Мәселен, жуырда басқарма қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласында 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды, сонымен қатар, оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді.
Есірткі құралдары Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды.
Сондай-ақ, күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты.
— Күдікті өз кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған бапқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.