Орталық аудандық мешіттің ұйымдастыруымен қасиетті ораза айында аудан тұрғындарына арналған қайырымдылық шарасы әлі жалғасып жатыр. Әрбір көмекті үлкен сауапқа санаған орталық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Алиев және мешіт қызметкерлерімен ерікті жамағат Қадір түні қарсаңында демеушілер тарапынан жиылған қаражатқа әлеуметтік жағдайы аз қамтылған жүзге жуық отбасына күнделікті тұтынатын азық түлік-өнімдерін таратып берді. Сондай-ақ, арнайы ірі қара малын сойып,етін жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірді.
Игі іске бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында талай шаңыраққа әлеуметтік көмектің көрсетіліп жатқанын алға тартқан Нұрсұлтан Алиев: -Мұқтаж жандарға жәрдем беру арқылы адамдар үйлесімде өмір сүреді. Негізі Ислам жақсылық жасауды, кісіге қамқорлық танытуды діни-моральдық жауапкершілік ретінде бекіткен. Адам жанына қуаныш сыйлайтын, жанға демеу беретін шапағатты шаралар жалғасатын болады,-дейді.