«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: шетелдік БАҚ Қазақстанның инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салу тәжірибесін зерделеуде — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: шетелдік БАҚ Қазақстанның инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салу тәжірибесін зерделеуде

13

Қазақстандағы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы туралы мақаласында EU Reporter басылымы мемлекеттің табиғи ресурстардан түсетін кірісті қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыру үшін қалай пайдаланатыны туралы жазады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылдық «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады. Оған мұнай кірістері жинақталатын Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағытталмақ. Бұл жерде әңгіме мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдардың құрылысын салу туралы болып отыр. Мақалада соңғы жеті жылда Қазақстан халқы екі миллионнан астам адамға көбейгені атап өтілген. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту өсіп келе жатқан қалалар мен аудан тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін шешу үшін қажет.

Жаңа бағдарлама бұған дейінгі салынған мемлекеттік инвестицияларға иек артады. Жеті жыл ішінде Қазақстан әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге, оның ішінде білім беруге 33,2 трлн теңге және денсаулық сақтауға 15,5 трлн теңге бағыттады. Бұл елде қалаларда да, ауылдық жерлерде де мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салынды. «Халықтық құрылысты» жүзеге асыру бүгінде басталып кетті: бірінші кезеңде құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Олар жаңадан денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін, мәдениет және спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдарды қарастырады.

Автор білім беру шығындарының тиімділігі туралы халықаралық зерттеулерге жүгінеді. Басылымда Индонезияны мысалға келтіре отырып, мектеп салу балалардың еңбек нарығына шыққаннан кейінгі оқуы мен кірістеріне қалай әсер ететінін көрсеткен экономист Эстер Дюфлоның тұжырымдары келтірілген.

Материалда сонымен қатар Норвегияның тәжірибесін қарастырылған. Бюджет жөніндегі ережеге сәйкес бұл ел қаражатты дербес қордың нақты түсетін кірісі шегінде ғана пайдаланады. Қазір бұл көрсеткіш 3% құрайды.

Басылымда экономист Теренс Хоның Сингапурдағы The Straits Times газетіне берген қазақстандық балалар жинақтау шоттарына арналған мақаласы туралы айтылады. Автор оларды мұнай кірістерін балалардың дамуына бағыттау тәсілі ретінде қарастырды. Ал «Халықтық құрылыс» басқаша тетікті қолданады, ол: сан ұрпақтың игілігі үшін қызмет ететін қоғамдық нысандарды қаржыландыру.

Адам дамуының көрсеткіштеріне ерекше назар аударылған. БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасында Қазақстан 193 ел мен аумақ арасында 60-шы орында тұр. Еліміздің адами даму индексі 0,837-ні құрайды, бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Ваверня Қазақстанда өмір сүру, адами даму және цифрлық трансформация деңгейіндегі өлшенетін ілгерілеушілік барын атап өтті. Мақалада бұл деректер әлеуметтік өзгерістердің үлкен көрінісінің бөлігі ретінде берілген.

Әр түрлі елдерді салыстыра отырып, EU Reporter ортақ идеяны ерекшелеп көрсетеді: мемлекеттік жинақтар білім беру мен қоғамдық инфрақұрылымға инвестициялар арқылы халыққа пайда әкелуге қабілетті дейді ол. Қазақстан бұл тәсілді өзінің құрылыс бағдарламасы шеңберінде қолданып отыр. Осынау ұзақ мерзімді инвестициялар мен әлеуметтік мақсаттардың үйлесімі мұндағы тәжірибесін басқа мемлекеттер үшін қызықты ете түсуде.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.