138 stem-кабинеті және 10 IT-хаб: «Әділет» партиясының білім беру бағытындағы жоспарлары таныстырылды — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

138 stem-кабинеті және 10 IT-хаб: «Әділет» партиясының білім беру бағытындағы жоспарлары таныстырылды

13

Жамбыл облысында 2031 жылға дейін 138 STEM-кабинетін жабдықтау, Тараз қаласында инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық бағыттағы үш мамандандырылған мектеп ашу жоспарланған. Бұл бастамалар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттыру және өңірдің адами капиталын дамыту міндеттері аясында көзделген.

Тараз қаласындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатында «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынған кандидаттары Дәурен Айтасұлы Каипов пен Айбек Амансейітұлы Кадралиев қала тұрғындарымен кездесті. Кездесуде білім беру жүйесін жаңғырту, IT және инженерлік бағыттағы мамандарды даярлау, оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.

Кандидаттар басқосуда партияның Жамбыл облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, адами капиталды дамытуға бағытталған басым міндеттерге тоқталды. Бағдарламада білім беру саласы өңірдің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағыты ретінде белгіленген.

2031 жылға дейін облыста 8,4 мың жаңа мектепке дейінгі орын ашу, 4 370 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп салу және тағы бір мектепке қосымша оқу корпусын тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар мектептерге 138 STEM-кабинеті сатып алынып, Тараз қаласында инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық бағыттағы үш мамандандырылған мектеп құру көзделген.

Кездесу барысында Дәурен Айтасұлы Каипов білім беру инфрақұрылымын дамыту ғана емес, оқушылардың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін сапалы орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

«Білім беру саласына салынған инвестиция – өңірдің болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз – балалардың қабілеті мен қызығушылығына қарай сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Сондықтан бағдарламада мектепке дейінгі білімнен бастап, жалпы орта және техникалық-кәсіптік білім беруге дейінгі жүйені қамтитын нақты міндеттер қарастырылған. Әсіресе, дарынды балалардың инженерлік және IT бағыттарында терең білім алуына жағдай жасау маңызды», – деді кандидат.

Бағдарламада техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының үлесін 51,3%-ға дейін арттыру, дуальды оқытумен қамтылған техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің үлесін 50,6%-ға жеткізу міндеттері де белгіленген. Бұл білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Өз кезегінде Айбек Амансейітұлы Кадралиев цифрлық дағдыларды дамыту мен технологиялық білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесіне тоқталды.

«Қазіргі еңбек нарығында IT, инженерия және технологиялық бағыттағы білімге сұраныс артып келеді. Сондықтан балаларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік жасау қажет. Бағдарламада 138 STEM-кабинетін жабдықтау, Таразда үш мамандандырылған мектеп ашу және аудандарда 10 IT-хаб құру көзделген. Бұл бастамалар оқушылардың технологиялық сауаттылығын арттырып, жаңа дағдыларды меңгеруіне жол ашады», – деді кандидат.

Сайлауалды бағдарламада цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. 2031 жылға дейін ауылдық жерлерде 37 жаңа базалық станция орнату және аудан деңгейінде 10 IT-хаб ашу жоспарланған. Нәтижесінде облыстың ауылдық елді мекендерін интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Кездесу соңында тұрғындар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және мұғалімдердің кәсіби дамуына қатысты пікірлерін білдірді. Кандидаттар ұсыныстарды тыңдап, бағдарламада белгіленген міндеттерді іске асыру мен олардың орындалуын бақылау тетіктерін түсіндірді.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.