Жамбыл облысында «Жоғары лига» жайдарман ойындарының 2026 жылғы маусымдық финалдық сайысы танымал өнер жұлдыздары мен жайдарман чемпиондарының қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – өңір жастарының шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың өнерге деген қызығушылығын дамыту, талантты жастарды қолдау, сондай-ақ жастар арасында тапқырлықты, мәдениеттілікті және өзара ынтымақтастықты насихаттау.
Маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінген алты команда финалдық кезеңде чемпиондық атақты сарапқа салды. Қатысушылар өздерінің шығармашылық ізденістерімен, сахналық шеберліктерімен және ерекше әзілдерімен көрермендердің ықыласына бөленді.
Финалдық ойын «Сәлемдесу» және «Көрініс» атты екі кезеңнен тұрды. Әр кезеңде командалар өздерінің тапқырлығын, актерлік қабілеттерін және сахналық мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті. Әсіресе, «Көрініс» кезеңі ерекше форматта ұйымдастырылып, оған елімізге танымал өнер жұлдыздары мен бұрынғы жайдарман чемпиондары арнайы қатысып, командалармен бірлесе өнер көрсетті. Жұлдызды ойыншылардың қатысуы финалдық сайыстың мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Қатысушылардың өнерін жайдарман қозғалысының дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі ойыншылар мен сала жанашырларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Тартысты өткен сайыс барысында командалардың шығармашылық деңгейі, сахналық шеберлігі және әзілдерінің мазмұны ескеріліп, маусымның үздіктері анықталды.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Тараз қаласының «Тараз 2004» командасы иеленіп, Жамбыл облыстық «Жоғары лига» жайдарман ойындарының 2026 жылғы маусым чемпионы атанды. ІІ орын Меркі ауданының «Меркістан» командасына бұйырса, ІІІ орынды Тараз қаласының «Инсайд» командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар, ойын барысында ерекше тапқырлығымен, актерлік шеберлігімен және сахнадағы белсенділігімен көзге түскен «Меркістан» командасының ойыншысы Ақылбек Ондасын «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
Облыстық «Жоғары лига» жайдарман ойындарының финалдық кезеңі өңірдегі жастар шығармашылығын қолдауға, жас өнерпаздардың кәсіби және сахналық шеберліктерін шыңдауға, сондай-ақ командалар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара жастар арасында жайдарман қозғалысын одан әрі дамытуға, жаңа таланттарды анықтауға және олардың қоғамдық-мәдени өмірге белсенді араласуына оң ықпал етті. Танымал өнер жұлдыздары мен тәжірибелі жайдарман ойыншыларының қатысуымен өткен маусымдық финал өңір жастарының шығармашылық жетістіктерін айшықтаған маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.