Конституция – заң үстемдігі мен қоғамдық тұрақтылықтың негізі — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Конституция – заң үстемдігі мен қоғамдық тұрақтылықтың негізі

9

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – еліміздің құқықтық дамуындағы маңызды кезең. Ата Заң мемлекеттің қызмет етуінің негізгі қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы басымдықтарды белгілейді.
Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың құқықтық негізі. Оның қағидаттары азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне қойылатын талаптарды да айқындайды. Сондықтан Ата Заңның мәні мен маңызын түсіну, оның нормаларын құрметтеу және заң талаптарын сақтау әрбір азамат үшін маңызды.
Құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі – заңның баршаға ортақ болуы. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы, мемлекеттік органдар қызметінің заң аясында жүзеге асырылуы және қоғамдағы мәселелердің белгіленген тәртіппен шешілуі қоғамдық сенімді нығайтады. Бұл ретте заң талаптарын орындау мемлекеттік органдар мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі болып саналады.
Жергілікті деңгейде конституциялық қағидаттарды іске асыру тұрғындардың күнделікті өмірінен көрініс табады. Азаматтардың өтініштерін қарау, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықпен тұрақты байланыс орнату – жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыттары.
Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі қоғамдық өмірге белсенді араласуына, заң талаптарын дұрыс түсінуіне және түрлі мәселелерді құқықтық жолмен шешуіне мүмкіндік береді.
Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Заңға құрметпен қарау, өзгенің құқықтарын бағалау және қоғамдық тәртіпті сақтау – өркениетті қоғамның негізгі белгілері.
Жаңа Конституцияның қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алу – елдің құқықтық мәдениетін нығайтудың маңызды шарты. Ата Заңды құрметтеу және оның талаптарын орындау арқылы біз қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға және еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса аламыз.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.