Конституция – күнделікті өміріміздің құқықтық негізі — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Конституция – күнделікті өміріміздің құқықтық негізі

13

Конституция – мемлекет пен қоғам өмірінің негізгі қағидаларын айқындайтын басты құқықтық құжат. Оның нормалары азаматтың күнделікті өмірінен бастап, мемлекеттік басқару жүйесіне дейінгі маңызды салалардың барлығында көрініс табады.

Азаматтың білім алуы, еңбек етуі, медициналық көмекке жүгінуі, өз пікірін білдіруі, мемлекеттік органдарға өтініш жолдауы – мұның барлығы адамның конституциялық құқықтарымен тікелей байланысты. Сондықтан Конституцияны білу – тек заң талаптарын меңгеру емес, өз құқықтарың мен міндеттеріңді түсіну деген сөз.

Мәселен, бүгінде азаматтардың мемлекеттік органдарға өз өтініштері мен ұсыныстарын электронды түрде жолдап, олардың қаралу барысын бақылауына мүмкіндік бар. Бұл – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған нақты тетік.

Конституцияда жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуына да ерекше мән берілген. Тараз қаласында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, аулаларды абаттандыру, жол, жарықтандыру, ауызсу, қоғамдық кеңістіктер, инфрақұрылым және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстар тыңдалып келеді. Мұндай жұмыстар азаматтардың өз тұрғылықты жерінің дамуына атсалысуына мүмкіндік береді.

Құқық пен міндет қатар жүреді. Өз құқығын талап еткен азамат заң талаптарын сақтауға, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықтың берік негізі.

Конституцияның мәні де осында. Ол тек мемлекеттік құрылымды айқындайтын құжат емес, әр азаматтың еркіндігі мен құқығын қорғауға, қоғамдағы келісім мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге қызмет ететін негізгі құқықтық тірек.

Конституцияны құрметтеу – оның талаптарын білу мен сақтаудан, ал оның құндылықтарын орнықтыру – әр азаматтың күнделікті жауапкершілігінен басталады.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.