«Әйел өмірі үшін»: «Әділет» партиясы сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айлығын өткізеді — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

«Әйел өмірі үшін»: «Әділет» партиясы сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айлығын өткізеді

12

Қазан айында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты Қазақстанның барлық өңірін қамтитын «Әйел өмірі үшін» республикалық ақпараттандыру айлығын өткізеді. Бастама әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, сүт безі обырын ерте анықтаудың маңызын түсіндіруге және ем алып жатқан әйелдерге қоғамдық қолдау көрсетуге бағытталған.
Сүт безі обыры әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Ауруды ерте кезеңде анықтау емдеу мүмкіндігін арттыратын маңызды факторлардың бірі саналады. Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скрининг 40-тан 76 жасқа дейінгі әйелдерге екі жылда бір рет жүргізіледі.
Осы бағыттағы ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты қазан айын сүт безі обыры туралы ақпараттандыруға арнауды ұсынып отыр. Бастамаға онколог-маммологтар қауымдастығы, медициналық ұйымдар, партияның өңірлік филиалдары, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар қатысады.
Жамбыл облысында «Әйел өмірі үшін» ақпараттандыру айлығының салтанатты ашылуы бүгін «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шара барысында айлықтың негізгі бағыттары таныстырылып, әйелдер денсаулығы, сүт безі обырының алдын алу және ерте анықтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына старт берілді.
«Әйел денсаулығы – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның әл-ауқатына әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан сүт безі обыры туралы ашық әрі дұрыс ақпарат беру, әйелдерді уақытылы медициналық тексеруден өтуге шақыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл айлықтың мақсаты – әйелдерді қорқыту емес, керісінше, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға бағыттау. Әсіресе шалғай елді мекендердегі әйелдерге ақпараттың қолжетімді болуына ерекше мән береміз. «Әйел өмірі үшін» бастамасы аясында өңір тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамыз», – деді «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанаты төрағасының орынбасары Дәмеш Үскімбаева.
Айлықтың негізгі мақсаты – әйелдерді аурудың алдын алу және ерте анықтау мүмкіндіктері туралы ақпараттандырумен қатар, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңызын түсіндіру. Бұл ретте өзін-өзі тексеру медициналық маманның кеңесі мен скринингтің орнына жүрмейтіні де ерекше атап өтіледі.
Акция аясында онкологтар мен маммологтардың қатысуымен кездесулер, ашық диалогтар және сұрақ-жауап форматындағы іс-шаралар өткізіледі. Әйелдерге скринингтен өту тәртібі, медициналық ұйымдарға жазылу жолдары және сенімді ақпарат көздері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Медициналық іс-шаралар профильді ұйымдармен келісім негізінде және қолданыстағы тәртіпке сәйкес ұйымдастырылады. Өңірлерде онкологиялық диспансерлермен бірлесіп ашық есік күндері, консультациялар және медициналық көрсетілімдерге сәйкес тексерулер өткізу жоспарланған.
Айлықтың қоғамдық бөлігі де кең қамтуды көздейді. Астана қаласында орталық жүгіру шарасы, ал өңірлерде облыс және аудан орталықтарында, ірі ауылдық округтер мен елді мекендерде жүгіру және серуендеу акциялары ұйымдастырылады. Қатыса алмайтын шағын елді мекен тұрғындары үшін онлайн форматтар қарастырылады.
Науқанның тағы бір бағыты ем алып жатқан әйелдер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуге арналған. Кездесулерге еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары тартылып, аурумен күресіп жүрген әйелдердің тәжірибесін құрметпен көрсетуге және қоғамдағы стигманы азайтуға басымдық беріледі.
«Әйел өмірі үшін» айлығының барлық өңірде бірыңғай атау және символикамен өткізілуі жоспарланған. Негізгі символ ретінде әйел өмірінің құндылығын, қамқорлық пен қолдауды білдіретін қызғылт лента қолданылады.
«Әділет» партиясының Әйелдер қанаты бастаманы ақпараттық науқанмен ғана шектемей, әйелдерге қажетті ақпаратты тікелей жеткізуге бағыттайды. Әсіресе медициналық қызметтерге қолжетімділігі төмен болуы мүмкін шалғай елді мекендердегі әйелдерге түсіндіру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр.
Айлық қорытындысы бойынша өңірлердегі іс-шаралар саны, қамтылған елді мекендер мен қатысушылар, ақпараттық материалдардың таралымы, консультациялар мен скринингке жазылу көрсеткіштері жинақталады. Бұл ретте әйелдердің жеке медициналық деректері жарияланбайды, тек жинақталған статистика қолданылады.
«Әйел өмірі үшін» айлығының басты мақсаты – қорқыныш қалыптастыру емес, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін күшейту. Уақытылы ақпарат алу, дәрігерге жүгіну және скринингтен өту мүмкіндігін пайдалану – әйелдің өз денсаулығына жасайтын маңызды қадамдарының бірі.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.