Заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығының негізі — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығының негізі

Облыс прокуроры Талас ауданының тұрғындарымен кездесті

8

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру – мемлекет саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы бүгінде еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Тұжырымдаманың басты мәні – заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тек құқық қорғау органдарының міндеті ретінде қарастырмай, оны қоғамның ортақ құндылығы ретінде қалыптастыру. Заңға құрмет, өз құқықтары мен міндеттерін білу, құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамау және мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара байланысты күшейту осы бағыттағы жұмыстардың негізін құрайды.

Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаевтың Талас ауданына жұмыс сапары да осы мақсатта ұйымдастырылды. «Қоғаммен байланыс» жобасына негізделген жұмыс сапары барысында Жандос Нарымбетұлы алдымен Талас аудандық прокуратурасына барды, жеке құраммен кездесіп, аудан аумағындағы заңдылықтың жай-күйіне қанықты.

Кездесуде  Талас ауданының прокуроры Ақберген Мүлкеманов  өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өтініштерді қарау сапасы, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Өз кезегінде Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев құқық қорғау органдарының қызметінде халықтың сенімін арттыруға бағытталған жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте әрбір азаматтың мәселесіне заң шеңберінде ден қойып, өтініштерді қарау кезінде жауапкершілік таныту қажеттігіне назар аударылды.

Мұнан соң, облыс прокуроры Талас аудандық полиция бөлімінің ғимаратындағы жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мұнда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және аудан аумағындағы ахуалды бақылау бағытындағы жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы сөз болды.  Жандос Нарымбетұлы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі екендігін, бұл ретте құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беру керектігін жеткізді.

Келесі кезекте Қаратау қаласындағы «Батырлар алаңында»  аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. «Қоғаммен байланыс» жобасы аясындағы шараға сондай-ақ, Жамбыл облыстық уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері қатысып, тұрғындардың мәселелері мен өтініштерін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың әрбір өтініші тыңдалып, заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілді. Қажет болған жағдайда мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, тиісті органдарға бағыт-бағдар берілді. Бұл ретте халықтың жеке мәселесін ашық айтып, құқықтық көмек пен кеңес алуына мүмкіндік алуы – заң үстемдігін қамтамасыз етудің практикалық көріністерінің бірі екендігін атап өткен жөн. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының ел көлемінде жүзеге асырылуының мәні де осында. Тұжырымдама құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдірумен қатар, қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыруды, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруды және әр адамның өз құқығы мен міндетіне жауапкершілікпен қарауы көзделген.  Заң үстемдігі орныққан қоғамда азамат өзінің құқығы қорғалатынына сеніммен қарайды. Ал мұндай сенімді қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы, халықпен тұрақты байланысы және әрбір мәселенің заң аясында шешілуі маңызды.

Д.А.Қонаев атындағы музейде ауданның «Болашақ прокурорлар» клубының мүшелерімен кездескен Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев: -«Заң мен тәртіп» – белгілі бір кезеңге арналған науқан емес, қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықты нығайтуға бағытталған маңызды ұстаным. Оның нәтижелі жүзеге асуы мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысына ғана емес, азаматтардың да заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігіне байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп- гимназиясында жұмыс жасайтын «Болашақ прокурорлар» клубының жастары «оқушы- оқушыға» қағидаты бойынша өз қатарластары арасында құқықтық білімді насихаттаушы ретінде әрекет етуде. Бұл ашық әрі қолжетімді алаң, бұл бастама жастардың патриоттық сезімдерін оятуға және заң үстемдігін насихаттауға бағытталған маңызды қадам, — деп атап өтті.

Ауданға жұмыс сапары соңында облыс прокуроры өңірдегі «Talas Investment Company» ЖШС-гі  мен «Karatau Chemicals» ЖШС-гінің өндіріс ошақтарына барып, кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мәселелеріне де көңіл бөлінді.

 Халықпен тікелей байланыс орнату, азаматтардың құқықтық мәселелерін тыңдау, қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға назар аудару мақсатында өткен шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын  іс жүзінде жүзеге асыруды қамтыды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.