Менің еріктілік жолым – ізгілікке бастар қадам — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Менің еріктілік жолым – ізгілікке бастар қадам

9

Адамның қоғамдағы орнын оның жетістіктерімен ғана емес, айналасына тигізген шарапатымен де бағалауға болады. Өз уақытыңды бөліп, ешқандай материалдық пайда күтпестен ортақ іске атсалысу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Мен үшін волонтерлік дегеніміз – осындай саналы таңдау мен нақты әрекеттің көрінісі.

Бұл саламен жақынырақ танысуым осыдан үш жыл бұрын басталды. Ірі спорттық жарыстарда, мәдени бағдарламалар мен білім беру форумдарында волонтер ретінде түрлі міндеттер атқардым. Алғашқы кездері қарапайым болып көрінген жұмыстардың әрқайсысының жалпы шараның сәтті өтуіне қаншалықты әсер ететінін сонда түсіндім. Уақыт өте келе ұйымдастыру жұмыстарына тереңірек араласып, ерікті ретінде жинаған тәжірибемді жаңа бастамаларға бағыттай бастадым.

Қазір Қазақстан студенттерінің Альянсында ұйымдастырушы ретінде қызмет атқарамын. Бұл ұйымның тарихы мен үшін ерекше. Себебі Қазақстан студенттерінің Альянсы 2005 жылы Тараз қаласында құрылып, кейін республикалық деңгейдегі жастар ұйымына айналды. Бүгінде ҚСА студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, олардың зияткерлік, шығармашылық, рухани және инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізеді.

Альянс жылдар бойы студенттік ортаның өзекті мәселелерін көтеріп, жастарға арналған түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. «Жыл студенті», «Таза сессия», «Студенттер үйі 2.0», «StudUnion», студенттік лагерьлер, республикалық спартакиадалар, дебат турнирлері мен студенттік слеттер – сол жұмыстардың бір бөлігі. Ұйым республика көлемінде бірнеше мәрте «Үздік штаб» атануымен де ерекшеленеді.

Менің ҚСА-дағы қызметімнің негізгі бөлігі жастарды ұйымдастырумен және түрлі жобаларды өткізумен байланысты. Халықаралық волонтерлер жылына орай 50-ден астам шараны ұйымдастыруға атсалыстым. Әр шараның өзіндік мақсаты мен аудиториясы болғандықтан, олардың әрқайсысы бізден тың тәсіл мен мұқият дайындықты талап етті.

Бүгінде ұйым құрамында әртүрлі оқу орындарынан келген 100-ден астам белсенді бар. Оларды бір жерге біріктіретін нәрсе – студенттік өмірді мазмұнды етуге және пайдалы бастамалардың қатарында болуға деген ұмтылыс.

ҚСА еріктілері ағаштар мен жасыл желектер отырғызудан бастап, аумақтарды абаттандыру мен сенбіліктер өткізуге дейінгі экологиялық жұмыстарға қатысады. Сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптейтін шаралар өткізіп, қайырымдылық концерттері мен театр қойылымдарын ұйымдастыруға атсалысады. Бір қарағанда бір-біріне ұқсамайтын бұл жұмыстардың барлығын ортақ мақсат біріктіреді – нақты іске араласу.

Еріктілердің белсенділігі назардан тыс қалмайды. Ұйымымыздағы бірқатар жастар атқарған жұмыстары үшін қала әкімінің бір реттік шәкіртақысына ие болып, Алғыс хаттармен марапатталды. Мұндай қолдау жас адамның жасаған ісінің маңызын сезінуіне және келесі бастамаларға сенімді қадам басуына серпін береді.

Волонтер еңбегіне жалақы төленбейді. Бірақ осы қызмет барысында алынатын дүниені тек қаржымен өлшеу дұрыс емес деп есептеймін. Үш жыл ішінде мен түрлі адамдармен тіл табысуды, көпшілікпен жұмыс жүргізуді, жоспарды нақты әрекетке айналдыруды және күтпеген жағдайда шешім табуды үйрендім. Ең маңыздысы – өзімнің қай бағытта дамығым келетінін жақсырақ түсіне бастадым.

Менің тәжірибемде еріктілік болашақ мамандық пен қызмет бағытын таңдауға да ықпал ете алатынын көрсетті. Себебі мұнда жас адам өзін әртүрлі рөлде байқап көреді. Біреу ұйымдастыруға бейім екенін байқаса, енді бірі шығармашылық немесе әлеуметтік бағытта қабілетін ашады. Кейбір жастар үшін еріктілік барысында қалыптасқан байланыстар мен меңгерген дағдылар кейін еңбек жолына бастайтын мүмкіндікке айналуы мүмкін.

Мен үшін осы үш жылдағы ең құнды нәтиже – қанша шараға қатысқаным емес. Ең маңыздысы – алғашында сырттай бақылаушы болып келген жастардың уақыт өте келе өздері идея ұсынып, бастама көтеріп, өзгелерді соңынан ерте бастағанын көру. Осындай өзгеріс еріктілер қозғалысының шынайы нәтижесін көрсетеді.

Алдағы уақытта да студент жастардың тың ұсыныстарына жол ашып, олардың қабілетін нақты істе көрсетуіне мүмкіндік беретін жобалардың қатарын арттырғымыз келеді. Өйткені студенттік кезең – тек білім алатын уақыт емес, өзіңнің қандай іске бейім екеніңді байқап, болашақ бағытыңды айқындайтын маңызды кезең.

Мен волонтерлікті өз еркіңмен қабылданған жауапты шешім деп түсінемін. Уақытыңды бөліп, күшіңді жұмсап, ешқандай ақы күтпестен істің нәтижесі үшін еңбек ету оңай емес. Сондықтан мен үшін волонтер болу – нағыз ерлік.

Айгерім Уразмет,
Қазақстан студенттер алянсының еріктісі 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.