Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадр даярлау мәселесінде техникалық мамандықтарға басымдық беру жөнінде айтқаны белгілі. Өйткені, дәл қазір көптеген салаларда білікті мамандар жетіспейді. Демек, оқу орындары еңбек нарығының нақты қажеттілігіне қарай бейімделгені жөн.
Былтырғы жылы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері ZOOM режимінде бас-аяғы 30 мектептің оқушыларымен онлайн-кездесу өткізсе, колледж студенттері үшін – 4, мектеп оқушылары үшін – 2 рет «Ашық есік күні» іс-шарасын ұйымдастырған. Бұдан бөлек Тараз қаласындағы бірқатар орта мектептің бір топ оқушылары филиалға арнайы келіп, ондағы зертхана жұмысын көзбен көрген. Онда оқушыларға іс жүзінде жолдың жай-күйі қалай анықталатыны көрсетілген. Зертхана меңгерушісі Дәурен Хасенов мекеменің негізгі атқаратын міндеті мен елімізде жол сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаруалар туралы айтып өтіпті.
Өз кезегінде жетекші сарапшы Жұмахан Шәкірбай жасөспірімдерге жоғары оқу орындарында автожол саласында білім алудың артықшылықтары туралы айта келіп, 2025-2026 оқу жылындағы қабылдау ережелерін, «Көлік құрылысы» мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттар санын, оқуға түсу ерекшеліктерін және факультеттер мен мамандықтар жөнінде мол мағлұмат берген.
Айта кетейік, былтырғы оқу жылына мемлекет «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламалары тобына 700-ден астам грант бөлген. Ал оқуға түсу үшін бейіндік пәндер – математика және физикадан 50 балмен өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек студенттер кәсіпорында ақылы өндірістік практикадан өткен. Осы күнге дейін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығында» 243 студент тәжірибеден өтсе, оның 19-ы кәсіпорынға жұмысқа орналасқан.