Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда Қазақстандағы айлық инфляция шілде айындағы деңгейде қалып, 0,6%-ды құрады. Бұл ретте жыл басынан бері алғаш рет азық-түлік бағасы төмендеді. Айлық дефляция 0,1%-ды құрады.
Инфляцияның баяулауына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жүзеге асырып жатқан бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты жеткілікті көлемде тауармен қамтамасыз ету шаралары ықпал етуде.
Тамыз айында бағаның төмендеуі негізінен маусымдық жеміс-көкөніс өнімдеріне қатысты болды. Бір айдың ішінде азық-түлік тауарларының 46 позициясы бойынша баға төмендеді. Арзандау негізгі тауар топтарының басым бөлігінде байқалды. Атап айтқанда, көкөністер мен бақша өнімдері, жемістер мен жидектер, ет және балық өнімдері, сүт өнімдері мен балалар тағамы, бакалея және қайта өңделген өнімдер, кондитерлік өнімдер, дайын тағамдар мен сусындар арзандады.
Бағасы ең көп төмендеген өнім – баялды. Оның бағасы 15,4%-ға түсті. Картоп 12,3%-ға, тәтті бұрыш 11,9%-ға, қырыққабат 9,7%-ға, жүзім 8,0%-ға, пияз 7,7%-ға, киви 7,3%-ға және кәді 6,6%-ға арзандады. Сонымен қатар алма, сәбіз, лимон, қызылша, саңырауқұлақ, алмұрт және қияр бағасы да төмендеді.
Жылдық көрсеткіш бойынша да оң динамика сақталып отыр. Азық-түлік инфляциясы 2025 жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан 2026 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 9,5%-ға дейін төмендеді.
Бір жыл ішінде баялды бағасы 46,8%-ға, кәді 40,0%-ға, қияр 39,9%-ға, қызылша 13,8%-ға, қызанақ 13,6%-ға және алма 10,6%-ға арзандады. Сондай-ақ сарымсақ, мандарин, қырыққабат, банан, күріш, апельсин, гүлді қырыққабат және брокколи бағасы да төмендеді.
Үкімет азық-түліктің түпкілікті бағасына әсер ететін факторларды азайту бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Өңірлерде азық-түлік нарықтарына зерттеу жүргізіліп, тауарлардың жеткізу тізбегі мен жалдау шарттары талдануда. Бұл ретте артық делдалдарды анықтауға ерекше көңіл бөлінуде.
Көлік шығындарын азайту мақсатында азық-түлік өнімдерін теміржол арқылы тасымалдауға жеңілдікті тариф енгізілген. Бүгінде бұл мүмкіндікті 50-ден астам компания пайдаланды. Жалпы 38 мың тонна өнім тасымалданды.
Отандық өндірушілерді қолдау бойынша да жұмыс жалғасуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін электр энергиясының тарифін 20%-ға төмендету қарастырылған. Бұл қолдау өндірушілердің өз өнімдерінің босату бағаларын ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылдауы жағдайында көрсетіледі.
Тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу тетігі де қайта қаралуда. Енді негізгі назар сатып алынған өнім көлемі мен бөлінген қаражаттың игерілуіне емес, қабылданған шаралардың өнімнің түпкілікті бағасына нақты әсеріне аударылады. Тұрақтандыру тетіктері әр тауар мен өңірдегі нақты жағдайды ескере отырып, нысаналы түрде қолданылатын болады.
Сонымен қатар өнімдердің қозғалысына және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуына бақылау күшейтіледі.
Сауда үстемелерінің белгіленген мөлшерін сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. 2026 жылдың 27 тамызындағы жағдай бойынша Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық департаменттері белгіленген 15%-дық сауда үстемесін асырғаны үшін 76 млн теңгеден астам сомаға 3 096 әкімшілік қаулы шығарды. Салыстыру үшін, 2025 жылдың бүкіл кезеңінде 2 913 қаулы шығарылған болатын. Осылайша, биылғы көрсеткіш өткен жылдағыдан 183 жағдайға немесе 6,3%-ға жоғары.
Жыл басынан бері 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкелерде фермерлер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 4 мың жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр.