A place where you need to follow for what happening in world cup

Аудан әкімі төл мерекемен құттықтады

415

Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіп, адамдардың аузы аққа тиіп, Жер-Ана бусанып, жақсылыққа жол бастайтын Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Т.Рысқұлов ауданында әдеп-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттайтын мерекелік іс-шаралар өтті.

Бүгін аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің алаңында ұлттық қолөнер, кескіндеме, зергерлік бұйымдардың және этнос өкілдерінің ұлттық өнер көрмесі өтті. Көрме орталығында темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты. Жәрмеңкеге аудан бойынша 20-дан астам шебер жиналып, өздерінің төл туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмедегі қос шекті домбыра, торсық, дорба, масатыдан құрақталған көрпелер адамның көз жауын алады. Орыс, украин, өзбек, ұйғыр, тәжік және қазақ ұлттарының ұлттық киімдері, ұлттық аспаптары және қолөнерлері ұсынылды. Себебі, қолөнер – халықтың ұлттық мұрасы, мәдениеті мен өнерінің айқын көрінісі.

Мерекеге арналып жасалған кітап көрмесі де Наурыз тойының табиғатын, шығу төркінін, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндап, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен қолөнері, ұлттық тағамы туралы насихаттайтын «Наурызнама», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті», «Халқы мықтының – салты мықты», «Қазақтың киіз үйі», «Қазақтың тазалық мәдениеті», «Қазақы дастарқан», «Жеті қазына», «Ағаш бесіктен, жер бесікке дейін» сияқты 50-ден астам кітап, 7 мерзімді басылым мен суреттер қойылды.

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай  дәстүрге айналған «Домбыра пати» шарасы да назардан тыс қалмады. Қазақтың төл аспабын насихаттап, ұлттық өнерді паш етуге арналған игі іс-шара жастардың бастамасы. Кештің әлқиссасы дәстүр бойынша күмбірлеген күймен ашылды. Өнерлі жастар домбырадан күй төгіп әуелетті. Келген жұрттың құлақ құрышы қанып, ауылдың алты ауызына қанықты.

Қазақтың ешбір тойы ақынның арнауынсыз, палуанның белдесуінсіз өтпеген. Наурыздың көркін келістіріп тұрғанда осы қазақтың ұлттық ойындары. Ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шарада қатысушылар асық ату, арқан тарту, қол күрес, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру сынды ойын түрлерінен сайысқа түсті. Іс-шараға карантин талаптарға байланысты санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 60 жуық адам қатысты.

Мереке одан әрмен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Бұл шара шуақты мейрамның бастауы болды. Кеште сөз алған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов

– Біздің ауданымызда да ұлыстың Ұлы күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындап берген жаңа форматқа сай өтуде. Сенбіліктер ұйымдастырылып, бұлақтардың көзі ашылып, барлық ауылдық округтерде республика деңгейінде бастау алған «Отаным – жасыл мекенім» акциясы өтті. Аудан көлемінде екі жарым мыңға жуық тал отырғызылып, 300-ге жуық отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Наурыз мейрамының осылайша кең ауқымда аталып өтілуі – заңды құбылыс,-деп, жиналған жұртты төл мерекесімен құттықтады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.