A place where you need to follow for what happening in world cup

505 мыңмен бизнес бастаған

278

Бизнес – тұрмысыңды тіктеуге таптырмас мүмкіндік. Шағын және орта бизнес мемлекеттің экономикалық әлеуетін дамытатын маңызды факторлардың бірі. Шынтуайтына келгенде, біз мұны кеш түсіндік. Ынтаның жоқтығы ма әлдебір фобияның кесірінен бе бизнес бастауға именетініміз де жасы¬рын емес. Дейтұрғанмен, қазіргі қоғамда бойындағы осы бір қорқыныштарды жеңе білген жандар да жетерлік. Бүгінде олар өздерінің қолынан келетін, ауыз толтырып айтарлықтай табыс әкелетін шағын бизнес бастап, тұрмыстарын түзетуде. Солардың бірі жас кәсіпкер – Жеңіс Сүлікбаев.
Жеңіс – Луговой ауылының тумасы. Жастайынан жаңа технологияларға әуес болып өсіп, мектепті аяқтай салы¬сымен, Шымкент қаласындағы Отырар колледжіне «бағдарламашы» маман¬дығына оқуға түскен. Маман-дық бойынша жұмысқа орналаса алмаған ол Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжде қайта даярлау кур¬сынан өтіп, «автомеханикалық жабдықтау» мамандығын игереді. Сұранысы көп мамандықты мықтап меңгерген Жеңіс осылайша мемлекет ұсынған бағдарламаны тиімді пайдаланады. «Шындығын айту керек, өз басым мемлекет ұсынған бағдарламаларды барынша кәдеге жаратып келемін. Тіпті, өмірімнің жарты бөлігі осы бір баянды бағдарламалармен тығыз байланысты десем артық айтқандығым емес. Оқу бітіре салысы¬менен мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар¬ламалар бөлімінің маман¬дарының кеңесіне құлақ асып, «Жастар тәжірибесі» бойын¬ша өтініш бердім. Кейіннен аудандық қазынашылық басқармасына жұмысқа орналасып, онда жарты жыл мамандық бойынша қызмет атқардым. Бірақ, аталмыш мекемеде бос жұмыс орынының жоқтығына байланысты ол жерден кетуге мәжбүр болдым. Сол сәтте маған жұмыспен қамту орталығының мамандары тағы бір бағдарламаны қолдануды ұсынды. Ұтымды ұсыныстан бас тартқан жоқпын. Осылайша облыстың бас шаһарына барып, кәсіптік білім алдым. Мойындауым керек, «қайта даярлау курсы» мен үшін жаңа мүмкіндіктерді аша білді. Автоэлектроника саласын мықтап меңгерген нағыз шеберлерден тәлім алып, қайта ауылға оралдым» деген Жеңіс бизнеске беттеген алғашқы қадамдарымен бөлісті.

Темір тұлпардың тілін тапқан жас жігіт осылайша ауылдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде шағын кәсібін ашады. Ол жерде көлік тізгіндегендерге автоэлектрлік қызмет көрсетеді. Бастаған ісі оң нәтиже беріп, кәсібінен өз нәсібін таба бастайды.
Өткен жылы кейіпкеріміз секілді қайтарымсыз грантты (505 000 теңге) ауданымыздың 502 азаматы алған екен. Ол үшін бюджет қаржысынан 271,0 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аталмыш қаражат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілген болатын. Мемлекет ұсынған 505 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты Жеңіс Сүлікбаев автокөліктерге диогностикалық зерттеу жүргізетін құрылғыны сатып алған.

Жүрегі жігерге толы жас кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тиімді бағдарламалар бар болса, кәсібін кеңейтуді көздейді. Алдағы уақытта шағын цехының маңынан автобөлшек саудалайтын дүкеннің іргетасын қалап, тұтынушыларды қосымша уайымнан әрі әуре-сарсаңнан арылтуды ойлайды.
Расымен де Жеңістің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.