A place where you need to follow for what happening in world cup

Қарулы Күштер ардагеріне құрмет көрсетті

223

Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай аудан әкімі Сәкен Арубаев ауданымыздағы Ауған соғысы ардагерлерін арнайы қабылдады. Ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпатын ұсынды. Ерен ерлердің есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, ерлер есімі ел есінде сақталатынын, Отанына адал болған ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасатынын алға тартты.

– Қай заманда болсын, қай уақытта болсын, қазақ – жаудан қаймықпаған халық. Халқымыз қашанда Отан алдындағы азаматтық борышына адал болған азаматтарымыздың абыройын асқақтатып, беделін биіктеткен. 1979 жылдың 25 желтоқ­санынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылған Ауған соғысы мыңдаған адамның өмірін қиды. Сұрапыл соғысқа Жамбыл ауданынан 120-дан астам азамат қатысты. 6 жауын­геріміз соғыста қаза тапты. Биыл сол соғыстың аяқталғанына – 32 жыл.Қанша уақыт өтсе де елі барда ерлер есімі ұмытылмайды. Ерен ерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сіздерге құрмет көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Сіздерге алғысымды білдіргім келеді, – деген Сәкен Қаланұлы Ауған соғысының ардагерлері Ерғазы Әлжанов, Абдралы Стамқұлов, Қалмырза Есалиев, Мұратбек Байтанов, Ербол Жамаубаев, Нұртуған Имағамбетов, Какен Кариов, Бақыт Шымырбаев, Садыр Үсенов, Әлімжан Ерниязов Алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.
Сондай-ақ басқосуға Түрксіб ауылының тұрғыны генерал-майор, Кеңес Одағының, ҚР Жоғары Қарулы Күштерінің және Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің ардагері Әлімжан Ерниязов қатысып, аудан әкімінің ізетіне ризашылығын білдіріп, салмақты сөз сабақтады.

Құрметке бөленген ардагерлердің атынан сөз сөйлеген аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғазы Әлжанов өздерін елеп-ескеріп, арнайы қабылдап, марапаттап, құрмет көрсеткен аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Қабылдауға Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев қатысып отырды.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл аудан әкімінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.