A place where you need to follow for what happening in world cup

Дүнген диаспорасы үдере көшті деген – көпірме сөз

149

Ақпан айында Қордай ауданында орын алған қақтығысқа бір жыл толды. 2020 жылдың 7 ақпанында Масаншы ауылында болған жаппай тәртіпсіздік кейіннен Бұлар батыр, Сортөбе және Ауқатты ауылдарына дейін жалғасып кеткені мәлім. Өкінішке орай, топтық төбелестен 11 адам ажал құшып, көптеген тұрғын жарақат алды. Коммерциялық нысандар, үйлер қиратылып, өртенді.
Алайда, бір жыл ішінде аталмыш елді мекендердегі зардап шеккен нысандар толығымен қалпына келтірілді. Кейбір нысандарды қалпына келтіруді мемлекет өз мойнына алса, басым бөлігі демеушілердің көмегімен жөнделді. Жергілікті тұрғындар да қарап отырмай қаржы жинап, үйлері күйрегендерге көмегін көрсетті. Әр зардап шеккен отбасы тиісті өтемақысын толығымен алды.
Бұл оқиға Қордай ауданындағы тек идеологиялық қана емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажеттігін көрсетті. Осы орайда, Президенттің тапсырмасымен ауданға 35 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, бір жылда қыруар тірлік атқарылды. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар, көпқабатты үйлер бой көтерді. Ең бастысы – аудандағы газы жоқ елді мекендерге газ құбыры тартылып, тұрғындардың көптен аңсаған арманы іске асты.
Ал, Масаншы ауылына келер болсақ, ауыл көшелері түгелдей дерлік асфальтталып, жаңа жарық шамдары орнатылды. Өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» ҰҚ демеушілігімен құны 57 млн. теңгені құрайтын стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, жаңа аллея ашылып, тұрғындардың қыдыратын сүйікті орнына айналды. Сыйымдылығы 600 орындық мектептің құрылысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар қарқынды жүруде.
Бұдан бөлек, идеологиялық жұмыстар да атқарылды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе және Ауқатты ауылдарына тұрғындардың проблемаларын шешуге бағытталған шаралар өтті. Қақтығыстың себебін іздеп, шешім шығаруды көздеген билік «Қоғамдық келісім кеңесін» құрып, татуластыру, ұлттық құндылықтарды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталмыш ауылдарда қазақ тілі курстары ашылып, мешіт имамдарына уағызды қазақ тілінде жүргізу міндеті қойылды. Мектептердегі қазақ сыныптарының саны едәуір өсті.
Осының барлығы – елдің игілігі үшін жасалған істер. Алайда, әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында дүнген этносы өкілдерінің Қордай ауданынан кетіп жатқандығы туралы ақпаратты көзіміз шалуда. Бұл ешбір талдаусыз және негізсіз тарап жатқан ақпарат қоғамда арандатушылық тудыратыны рас. Дүнген этносының қолайлы өмір сүруі үшін мемлекет ештеңені аямады. Тұрғылықты жерлерінен көшуге негіз де қалдырмады. Жалпы, Масаншыда жағдай тұрақты. Жер жыртып, егін егіп, жуа терген дүнген этносы қалыпты өмірлеріне қайта оралды. Халықтың көбі осы жерде ғана емес, өзге облыстарға да барып, жер игерумен айналысуда. Мәселен, аудандағы дүнген ағайындар қоныстанған елді мекендердің шаруалары көрші Шу ауданына және Алматы мен Қарағанды облыстарына барып, дәнді дақылдар мен көкөніс егуді дәстүрге айналдырған. Өткен жылы да Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарынан 719 отбасы аталған аймақтарда жалпы көлемі 5 529 гектар болатын ауыл шаруашылығы жерлерін игеріп, 260 мың тоннадан астам өнім алды.  Атап айтсақ, Шу ауданына 467 отбасы барып, 4 826 га жерді игеріп, жақсы өнім алды. 2019 жылмен салыстырғанда Шуға 147 отбасы артық барып, 3 432 га жер артық игерілді.  Сондай-ақ, Алматы облысында 117 отбасы еңбек етіп, 4 28 га алқапты, Қарағанды облысында 75 отбасы 84 га жерді игерді.
Ал, енді көшу мәселесіне тоқталып өтсек. Жалпы, мемлекеттегі ішкі және сыртқы миграция – қалыпты жағдай екені белгілі. Адамдар жұмыс іздейді, әр түрлі жағдайларға байланысты қоныс аударады. Қақтығыстың ортасы болған Масаншы ауылынан былтыр бірде-бір дүнген шетелге көшкен емес. Көші-қон басқармасы ұсынған ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы дүнгендер шоғырланған елді мекендерден 8 адам Қырғыз еліне және 1 азамат Ресейге көшсе, 2019 жылы 14 адам Қырғызстанға қоныс аударған. Мұның себебі Қырғыз еліндегі шекараға жақын, яғни Сортөбе, Ауқатты және Бұлар батыр ауылынан алыс емес жерде де дүнгендер көп шоғырланған. Өзге ел дегенімен олар алысқа кетпеді. Ал, 2020 жылы 13 адам Ресей Федерациясына, 3 адам Қырғызстанға көшіпті-міс. Мысалы, ауқаттылық Кушанло отбасы мүшелері Ресейге қоныс аударса, Булар батыр ауылының Тумаровтар отбасы Қырғызстанға көшкен. Осы деректерге сенсек, дүнгендер жаппай Масаншы ауылынан көшуде деген ақпарат шыңдықпен жанаспайтынын аңғаруға болады.

 

Сайын ТҰРЛЫХАН

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.