A place where you need to follow for what happening in world cup

«Біздің міндет – халықтың қорғаны болу»

дейді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татенов

177

Қоғамның бірқалыпты дамып, мемлекеттің ішкі тұтастығының сақталуы тікелей полиция қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты. Тәртіп бар жерде ғана тұрақтылық болатыны айтпаса да түсінікті. Батыр тұлға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген бір ауыз тәмсілі осы айтпақ ойымыздың жиынтығындай. Расында, іштен ірімей, ірге сөгілмей күн кешуіміз сақшылардың тынымсыз еңбегінде жатыр.
Бүгінде адам өміріне, тіпті тағдырына тікелей әсер ететін 3 мамандық бар. Олар – мұғалім, дәрігер және полиция қызметі. Бірі – адам жанының, екіншісі – тәнінің емшісі. Ал сақшыларды тұтас қоғамның тамыршысы десек болады.
Осындай абыройлы міндетті арқалаған Жамбыл аудандық полиция бөлімі бүгінде оң көрсеткіштерімен озық шығып, қоғамдағы тәртіп бұзушылықтарды төмендеткен. Осы тұста «Басты міндетіміз – тыныштық» деп білетін жандардың жетістігін тізбектеп көрдік.
Апта аралығында аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татеновке барып, уақытпен санаспай атқарған жұмыстарының жай-жапсарын сұрадық. Талап пен тәртіптің соңында қашанда оң нәтиже барын білеміз. Бөлім бастығының бізге берген мәліметтері аудан көлемінде ауқымды істердің атқарылғанын аңғартты. Құқық бұзушылық азайған, тіпті, кей санаттағы қылмыстар атымен жоқ. Көрсеткіштің оңалуына тәжірибелі полицейлер мен салаға енгізілген жаңалықтардың әсері мол.
– Күнде өзгеріс еніп, желдің жылдамдығындай жаңарып жатқан қоғамда салалар да жаңа заманның игілігін, жаңалығын өзіне сіңіріп жатыр. Себебі, болашақтың беталысы бізді «сандық жүйе» деген жаңа талапқа үйретуде. Бүгінде айналамыз цифрландыру өркениетіне еніп кетті. Осы орайда уақыттың тиімділігі және жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз де осы бағытқа дендеп еніп жатырмыз. Айталық, қазір қызметкерлер планшетпен жұмыс істейді. Сондай-ақ онша ауыр емес, орташа қылмыстар электронды түрде тіркеледі. Бұл жұмысымызды біраз жеңілдетті десек болады, – дейді Талғатбек Болатбекұлы.
Өткен жылы 4636 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама тіркелген.
Жаңа технология жайлы айтып қалдық. Осыған қатысты бір қызық дерек еске түсіп отыр. Ғылымы дамыған Америкада қылмысты анықтаудың ерекше тәсіліне тәжірибе жасалыпты. Қалай дейсіз ғой? Ірі сауда орнына ұрыны қимылы арқылы анықтайтын камера орнатқан. Бейнеаппарат ұрының тосын ісін таныса, дереу мәлімет беріп отырады. Міне, осындай бейнероботтар бізде де қолданылатын күн алыс емес. Жылы жауып, қоғам қылмыстан тазарды дей алмаймыз. Алайда азайғанын көруге болады. Жалпылама айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 263-тен 197-ге төмендеп отыр. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 33,3 пайызға, көшеде жасалғандары 66,7 пайызға және мал ұрлығы 33,3 пайызға төмендеген. Ал қарумен жасалған, отбасында болған қылмыс мүлдем тіркелмеген. Жоғарыда аталған көрсеткіштер біріншіден алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шаралардың, күні-түні қойылған кезекшіліктің көрінісі. Бұл тұрғыда Талғатбек Татенов «Жұмыстың жеңілі жоқ шығар, бірақ жауапкершілік бәрінен жоғары тұруы керек», – дейді.
Сөзінің жаны бар, сақшылардың жұмысы қоғамдағы құқық бұзушылықтың көрсеткішімен өлшенеді. Әр полицей өз мамандығына адалдық танытса, қоғамның көзқарасы да дұрыс болары һақ.
– Қызметкерлеріміз біліктілігін арттырып, тәжірибесін толықтырып жүреді. Еңбек еткеннің ісі еш кетпейді. Үнемі үздіктерді марапаттап, жол көрсетуге, туындаған түйткілді мәселелерді шешуге көмектесу үшін ардагерлермен кездесу өткізіп, мерейін өсіріп отырамыз. Тек аудан орталығындағы емес, шалғай, қаламен іргелес жатқан елді мекендердегі қызметкерлеріміздің табанды тірлігі көпке үлгі болса дейміз. Олардың күн-түн демей сабылып жасаған жұмысын біз, жалпы қоғам білуі керек деп есептеймін. Оның үстіне әр кез қолдау көрсетіп, тәртіп сақшыларымен етене байланыс орнатқан аудан әкімі Арубаев Сәкен Қаланұлына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп, мына сананы сарсаңға салған коронавирус індетін ауыздықтау үшін 17 ауылдық округтегі учаскелік полия инспекторларының қызметтік көлігі арқылы халыққа індеттен сақтану жолдары, карантин талаптары дауыс ұлғайтқыштың көмегімен хабарланды әлі де жалғасын табуда. Бұдан бөлек жұқпалы дерт алқымнан алған кезде ауыл араларына орнатылған блок-бекеттерде біздің тәртіп сақшылары аянбай еңбек етіп, тұрғындар саулығы үшін алаң күй кешкенін мақтанышпен айтқым келеді, – деді аудандық полиция бөлімінің басшысы.
Полиция – шым-шытырығы көп, тәуекелі басым қызмет. Антына адал жандар қылмыспен бетпе-бет келгенде батылдық пен қайсарлықты, сабыр мен төзімді серік ете білуі керек. Тұрғындармен тілдесіп, байланыс орнатқанда сыпайылықтың «шекарасын» сақтай алуы қажет. Бұл салада салқынқандылық қана ұшпаққа шығарады. Сондықтан сақшы болу заң бұзғанға темірдей, жәбірленуші мен қарапайым азаматқа жібектей болуды үйретеді. Олардың елге деген осы қызметі абырой биігіне көтереді және солай боларына сенейік.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.