Жаугершілік заманда ауылға төніп қалған жауды тойтаруға күші болмаса, халық ауылдың сыртына ұзын ағаш қадап, басына қара шүберек байлап қойған. Бұны көргенде айшылық алыс жолды жүріп келген әскер болса да ауылға кірмей, тоқтайтын көрінеді. Себебі қара шүберек ауылдың оба індетіне шалдыққанын білдіреді екен. Ауа арқылы таралатын қоздырғыш аз уақытта бір ауылды жойып жіберетін болған.
XIV ғасырда обаны «қара өлім» деп атаған. Қытайдан басталған дерт Еуропаға жетіп 50 миллион адам көз жұмған. Ал, бүгінде жаһан жұрты осы елде бастау алған коронавирус кеселімен күресуде. Атын естігенде күлкіңді тыйып, күдігіңді көбейтетін Covid-19-дың әлемді әлекке салғанына жылға жуық уақыт болды. Алғаш Қытайдың Ухань қаласынан тараған кеселге бей-жай қарағанымызбен, қазіргі қоғамда вируспен бірге өмір сүріп келеміз. Бастапқыда «қорыққанға қос көрініп», аласұрған жұрт бүгінде бейқам қалыпқа көше бастағанын көз көріп жүр.
Дегенмен, індеттің алдын алу мақсатындағы шаралар үздіксіз жүргізілуі қажет. Әсіресе, карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керек
Осы уақытқа дейін 2 миллионнан астам адамды ажал құштырып, сан миллиондаған адамды төсекке таңған індеттің емі әлі табылған жоқ. Десе де, ғалымдар аурудан арылудың басты себебі карантин талаптарын сақтау, екпе салдыру екенін айтады. Осыған орай, аудандық ардагерлер кеңесі аудан тұрғындарына үндеу жариялап, барша жұртты санитариялық-гигеналық талаптарды қатаң сақтауға шақыруда.
Бұдан бөлек Жамбыл ауданында да індетпен күресу, алдын алу, таралына жол бермеу мақсатында 2 мобильдік, 1 мониторингтік және 17 ауылдық округі әкімі аппаратының жанынан құрылған шұғыл топ мүшелері үздіксіз жұмыс жасауда. Олар сауда орталықтарына, азық-түлік дүкендері мен халық көп шоғырланатын орындарға жаднамалар таратып, түсіндіру жұмыстарына басымдылық беріп, ойын-сауықтан таса болу керектігін ескертуде. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан 30 мешітте дауыс ұлғайтқыштың көмегімен қараша халыққа сақтану ережелері тәулігіне бес мәртеден хабарлануда. Ал, тәртіп сақшылары яғни, 17 ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторлары қызметтік көлігіндегі дыбыс көтермелеудің көмегімен көше бойымен жүріп өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындау керектінін тілге тиек етуде. Бұдан бөлек Жамбыл ауданы әкімдігінің әлеуметтік желілері мен 17 ауылдық округтің парақшаларында инфографттар тұрақты жарияланса, жұқпалы дерттің ахуалы туралы 20-ға жуық тікелей эфир желі қолданушылар назарына ұсынылып, сауалдарға жауаптар берілді.
Осы орайда Жамбыл ауданының тұрғындарына бетперде режиміне атүсті қарамау, көпшілікпен басқосуға бармау керектігін, індетке қарсы екпе салдыруға шақырамыз.
(Сурет ауылдық окугтегі шұғыл топ мүшелерінің зерделеуінен алынды)
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі