A place where you need to follow for what happening in world cup

Полиция мен тұрғындар байланысы ашық форматта жүруде

278

Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, парасаттылық қағидатын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар кеңінен атқарылуда. Бұл орайда, Полиция департаментінің ашықтығын қамтамасыз ету, құқық саласында сыбайластыққа жол бермеу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
Жамбыл облысына сапары барысында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараз қалалық полиция басқармасы «Фронт-офисінің» жұмысымен танысты. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларына негізделген орталықта торлы есіктер мен қатаң түрде тексеріп кіргізетін режим жоқ. Мұнда келген азаматтарға орталықтан қажет кеңестер мен құжаттарын алуларына барлық мүмкіндік жасалған. Мұны полиция мен тұрғындар арасында орнатылған ашық жүйе деуге болады. Орталыққа келгендерді алдымен полиция қызметкерлері қарсы алып, содан кейін қандай қызмет түрі қажеттігіне қарай нұсқау береді. Ондағы мақсат – полиция қызметіне деген ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл жерде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кез келген адам кәсіби кеңес, қажетті анықтамалар алады. Жұмыстарды жіті бақылаған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар:
– Мақсат – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде ІІМ қызметінің тиімділігін арттыру, жемқорлыққа қарсы саясатты ілгерілету бойынша бірлескен іс-әрекеттерді іске асыру, жемқорлықты туындататын себептер мен салдарларды жою. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес міндетін Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік органдар алдына қойып отыр. ІІМ бұл мәселеге кешенді түрде қарастыруда. Біз полиция қызметкерлерінің арасындағы заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға мүмкіндік болмайтындай жағдайлар жасауымыз керек. Бұл – барлығымызға ортақ міндет, – деді.
Жиын барысында полиция қызметінің ашықтығына байланысты сұрақтармен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан бірқатар мәселелер ортаға салынды. Қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жауаптар берілді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.