A place where you need to follow for what happening in world cup

Мақсат — халық сенімін арттыру

400

23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн 2007 жылдан бері аталып өтілетінін бірі білсе, бірі білмейді. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес. Солардың бірі, әрі бірегейі – аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ермек Базарбайұлы Жұмағұлов (суретте).

Еліміздің тағдыры мен болашағы, көркеюі — кеудесінде отаншылдық сезімі бар, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматты толғандырмай қоймауы тиіс. Бұл, әсіресе, құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге қатысты. Соның ішінде ішкі істер органдарында қызмет ету — асқан парасаттылықты талап етеді. Оларға қылмысты ашу, қоғамның тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу сияқты атқаратын лауазымдарына сәйкес түрлі міндеттер жүктеледі. Қызметтік міндетін дұрыс және жауапкершілікпен атқара білген Ермек Базарбайұлы 1984 жылы 5 ақпанда Шу қаласында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасынан бастаған. 2008 жылы Қарағанды қаласындағы криминалдық полиция бөлімінде еңбек етті. Кейін Шу қаласындағы полиция бөліміне ауысып келіп, 20102012 жылдары жедел кезекшілік қызметін атқарды. Мұнан кейін, 2012-2018 жылдары аралығында штаб бастығы қызметін адал атқара білді. Өз қызметінде білімді болумен қатар, біліктілікті, құқықтық сауаттылықты, халықтың тілін таба білуді, дұрыс қарым-қатынас жасауды, ұстамдылық пен шыдамдылықты, ақ пен қараны айыра білуді жетік меңгерген азамат 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары ретінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда.

— Біздің мақсат – халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Үлкен сенімге ие болу үшін, қылмыстың алдын алу үшін профилактикалық шараларды жүргізу, басқа да бізге міндеттелген жұмыстарды жүйелі тындыруымыз керек. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Полиция қызметкерлерінің жеке кабинеті мен компьютері, қажетті құрал-жабдықтарының бәрі бар. Мұның бәрі тәртіп сақшыларының қызметін жоғары деңгейде атқаруына мүмкіндік береді. Мен бұл саланы таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өз қызметімде кез келген тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарап, еңбектенуден ерінбеймін,-дейді кейіпкеріміз.

Ермек Жұмағұлов қызметінде абыройлы азамат болса, отбасында асқар тау әке. Бүгінде жары Рысжан Алтынбекқызы Қоянбаева екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмысты ашу яғни, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Әсіресе, қазіргі таңда елімізде болып жатқан қиынқыстау уақытта тәртіп сақшылары күн-түн демей қырағылық танытып отырғаны бәрімізге аян. 15 жылға жуық қызмет барысында оның атқарған еңбектері жоғарғы орган тарапынан түрлі деңгейдегі марапаттармен еленген. Атап айтқанда, ҚР ІІМ «10 жыл мінсіз қызметі үшін», «ІІБ-е 25 жыл» төсбелгілері кеудесінде жарқырап тұр. Бұдан бөлек, аудандық, облыстық дәрежедегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашан да қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалап жүрген Ермек Базарбайұлына алдағы жұмыстарына тек табыстар тілейміз.

Алтынай Абдраимова.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.