A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда тағы бір «Қамқор» дүкені ашылды

290

Дана халқымыздың «Он адам жүрген жерде із қалады, Жүз адам жүрген жер – соқпақ, Мың адам жүрген жерде жол қалады» деп айтқаны бар. Жалпы адамгершілік, қайырымдылық, қамқорлық, мейірім әу бастан даладай дархан пейілді халқымыз үшін  қанға сіңген асыл қасиет. Сол ата-бабалардың аманатына айналған қайырымдылық жолы бұл күнде де ізін жоғалтқан жоқ. Оған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен өңірде жүзеге асып жатқан «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы дәлел. Жоба аясында апта басында облыс орталығынан тағы бір «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық дүкені ашылды.

Ы.Сүлейменов көшесінің бойында іске қосылған ізгілік дүниенінің ашылуына облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа қатысып, шараға атсалысып жүрген жастарға, қала тұрғындарына, жаңа дүкеннің алғашқы тұтынушыларына жобаның мән-маңызын жан-жақты таныстырып өтті. Айта кетсек,  былтырғы «Жастар жылы» аясында облыс әкімдігінің қаулысымен бастау алған «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында Таразда 3 қайырымдылық дүкені Бейбітшілік 97 «А», Бәйдібек би 1 «А», Төле би 74 «Б» көшелерінде ашылған болатын. Олардың барлығы арнайы сөрелермен, тазалау құралдарымен толық жабдықталған. Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын 5 сауда орнында, атап айтқанда  9 мөлтек ауданы «Айырылмас» СО, Абай даңғылы «Тарго» СО, Қант зауыты аймағы, Рафинадная көшесі 3 «А» «Тәтті себет» СО, Жібек жолы 64 «Б» (40 мельница), «Тәтті себет» СО-да арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылған. Апта басында олардың қатары тағы бір дүкенмен толықты.

–         Еріктілер жылына байланысты тағы бір «Қамқор» дүкенін ашып отырмыз. Бұл жоба 2019 жылдан бастап жұмыс атқарған болатын. Ендігі мақсат – мұндай дүкендердің облыс орталығындағы санын жыл аяғына дейін бесеуге жеткізіп, жалпы өңір бойынша 16 дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір нақты уақытта оның 12-сі жұмыс жасап жатыр. Әр ауданда бір-бір дүкен бар бүгінгі таңда. Заттардың басым көпшілігі халықтан жиналған киімдер. Негізгі принцип – халықтан жиналған киімдерді өңдеп, қайта қалпына келтіріп, мұқтаж жандарға үлестіру. Ал бұл ашылып отырған дүкендегі заттар кеденде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер. Соның ішінде 50 тонна киім жастар басқармасына, яғни әлеуметтік дүкен арқылы тарату мәселесі қаралған болатын. Сол заттарды осы дүкенге қойдық. Заттардың барлығы жаңа, бұрын қолданылмаған. Қазір мұнда балалар, ерлер, әйелдер киімі бар. Оларды көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың азаматтары тегін ала алады. Жобаның ерекшелігі мұқтаж жандар киімді өздері таңдап, қалағанын алады. Бір адамға екі киімнен, яғни бірдей киімнің екі үлгісін алуға рұқсат беріп отырмыз.  Ол үшін жеке куәлігі мен анықтамасын алып келсе жеткілікті. Журналға тіркеледі. Ай сайын алған адамдардың актісі жасалады. Осы күнге дейін, яғни бір жылда 6 мың тоннаға жуық киім-кешек жиналған. Солардың  4-5 тоннасы толығымен таратылып бітті. Соңғы кезеңдерінде Мақтаралға жіберілді. 1 тоннасы тазартылып, қайтадан сөреге қойылатын болады. Жалпы Тараз қаласында мыңнан аса отбасы тұрақты түрде алып тұрады. Олардың электронды базасын жасақтап қойғанбыз. Тұрақты тұтынушылар келген кезде базадан қай уақытта, қандай киім алғаны жайлы мәлімет шығып тұрады. Сонымен қатар киімдер маусымына қарай, яғни қыстық, жаздық болып ауысып тұрады. Сол себепті екі-үш қайтара алып жатқан отбасылар да бар. Олардың саны қала бойынша 800-ден асады. Алдағы уақытта бес нүкте ашылса тұтынушылардың саны да артатын болады. Сондықтан, халықты бір-екі киіп, одан кейін сыймай қалған киімдерді біздің дүкенге алып келуге шақырамыз. Себебі үйде тұрып тозығы жеткенше, басқа адамның игілігіне жарағаны әлдеқайда тиімді. Сондай-ақ   жаңа оқу жылына байланысты кеңсе тауарларын, балалар ойыншықтарын беруде демеушілердің де үлесі бар.  Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде  облыстық «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық қоры осы жобаны ұтып алды. Жобаны жүзеге асырумен солар айналысады. Барлық дүкенде жұмыс жасайтын тұрақты қызметкерлерге арнайы айлық төленеді,-дейді облыс әкімді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлы.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.