Қазіргі таңда мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаны өрге домалатудың зор мүмкіндігі туып отыр. «Әрекет түбі — берекет» демекші, қазіргі таңда елімізде «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолға алынғалы бері жұмыссыздар саны азайып, керісінше кәсіп ашқандар саны көбейіп келеді. Олардың кейбірі қазір аталған бағдарлама аясында арнайы курстарда оқып, жарты миллион көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, кәсіп аша бастады.
Солардың бірі Ұйым елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Салтанат Мадиева.
— Былтыр бизнес-жоспарым мақұлданған соң 170 үйрек, қаз сатып алдық. Кейін бірте-бірте көбейттік.Тауықтан алынған өнімді сатып, өз кәсібімді жүргізіп отырмын. Тауықтың еті де, жұмыртқасы да ақуызға бай, пайдалы ғой. Қазіргі таңда түскен пайдаға ұсақ мал алып жатырмыз. Одан бөлек тауықтарға балапан аштырудамыз. Осылай көбейтпекпіз. Келешекте тауық санын арттырып, кәсібімді бұдан да үлкейтіп, дөңгелетсем деген үлкен жоспарым бар. Шүкір, қазір ауыл шаруашылық саласында кәсібін дөңгелетемін дегендерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалуда,-деді.
Камели Сүлейменова,
Сарысу ауданы