A place where you need to follow for what happening in world cup

Есірткі қылмысы 40 пайызға төмендеген

329

Ауданымызда есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету және жауапты құқық қорғау органдарының тиімді әрекетін ұйымдастыру мақсатында дәстүрлі «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Айта кету керек, әр жылдың маусым мен қазан айлары аралығында жүргізілетін аталмыш шара бұған дейін «Көкнәр» деп аталып келген.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Қалметов сөз сөйлеп, есірткі тасымалына тосқауыл қоюдың алғышарттарын тілге тиек етті.
— Шу ауданы ел аумағында есірткі өсімдігі өсетін ең ірі аймақтардың бірі болып табылады. Сол себепті, осы аймақтағы есірткі алқабында қарасораны заңсыз жинауға, өңдеуге және оны таратуға мүдделі қылмыстық топтарға тосқауыл болу үшін аталмыш шараны өткізіп отырмыз. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында өңіріміздің құқық қорғау қызметкерлері есірткі бизнесіне қарсы 183 қылмыстық істің бетін ашқан. Оның 20-ы аса көп мөлшерде есірткі сақтаған қылмыскерлер болса, 2-уі контрабанда, ал 45 іс есірткі заттарын сату бойынша қозғалған. Сондай-ақ, есірткі өсімдігін өсіру бойынша да 2 іс қаралған. Заңсыз есірткі тасымалдау бизнесіне қарсы іс-қимылдар мен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында 400 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленсе, оның 370 келісі марихуана, 19 келісі гашиш. Оған қоса, 1 келі героин мен 1 келі синтетикалық есірткі заты табылды. Дегенмен, Жамбыл облысында 100 мыңнан аса есірткі алқабы барын ескерсек, құқық қорғау қызметкерлері әлі де болса жедел әрі сапалы жұмыс атқаруы қажет, — деді Нұржан Алдабергенұлы.
Салтанатты шарадан соң қонақтар «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліміндегі арнайы техникалық құрал-жабдықтармен, жол таңдамайтын автокөліктермен және бөлімнің ішкі құрылымымен танысты. Еліміздегі Шу алқабы есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі көзі болып табылады. Əрі оларды жинауға, қайта өңдеуге жəне еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына ыңғайлы өлкенің бірегейі болып отыр. «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасын дәл осы айларда өткізудің де өзіндік себебі бар. Өйткені, осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін және пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дəстүрге айналған шараның негізгі мақсаты мен міндеттеріне Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды анықтау жəне құрықтау, сондай-ақ «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жою жатады. Сонымен бірге, қылмыстық жолмен қаржы табатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді. Ал «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырылып отыр. Мұндағы түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салатын болады. Бөлім қызметкерлері жедел әрекет етуге қиындық тудыратын жерлерде арнайы әуе техникаларын қолданса, құмды жерлерде арнайы мақсаттағы өткізгіштігі өте жоғары автомашиналарға жүгінбек. Сондай-ақ, марихуана дайындаумен айналысатын қылмыстық топтарды ұстау үшін ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының көмегімен аудан аумағында іс-шаралар кешені іске асырылатын болады.
Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметовтың айтуынша, үстіміздегі жылы есірткі қылмысы едәуір азайған көрінеді. «Өңіріміз үшін маңызы зор «Қарасора-2020» іс-шарасы республика көлемінде өткізілгенімен, көбіне-көп Жамбыл облысына басымдық беріліп отыр. Өйткені, өңіріміз географиялық табиғатына байланысты қарасора көп өсетін аймақтардың алдыңғы қатарында тұр. Дәлірек айтсам, облысымыз бойынша қарасора өсетін алқаптың көлемі 140 мыңға жуықтап қалған. Дегенмен, біздің қызметкерлер есірткіге қатысты қылмыстың санын азайту жолында аянып қалмайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, өткен жылға қарағанда есірткі тасымалы 40 пайызға дейін азайып отыр. Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індетіне байланысты наурыз айында елімізде төтенше жағдай енгізілген болатын. Дәл осы төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларына байланысты өңіріміздегі есірткі қылмысы да азайған» — дейді подполковник А.Алметов.
Бүгінде барлық мемлекет үшін үлкен дертке айналған есірткі бизнесінен біздің елімізде зардап шегуде. Жоғарыда атап өткендей, табиғи аймақта орналасуына қарай Жамбыл облысы есірткі жəне психотроптық заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі облыста қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп сатылымға енуі де кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізіліп, өз нəтижесін де беріп келеді. Олардың қатарында маусым-қазан айларында өткізіле-тін «Қарасора-2020» жедел-профи-лактикалық алдын алу іс-шарасының алар орны ерекше екені сөзсіз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.