A place where you need to follow for what happening in world cup

Туған жерге айналған өлкеге алғыс

316

Қазақстан халықтарының ірі этностары ішінде түрік-ахыска этносы ерекше орын алады. Түрік халқы өкілдерінің саны 200 мыңға жетеді, Қазақстан жерінде тұрып жатқандарына 75 жыл болған. Қазақстан халқы үшін 1944 жылы мәжбүрлеп көшірілген түрік этностарының өкілі бөтен емес, бүгінгі күнде олар ел дамуына өзінің үлесін қосуда.

СЫНАҚ БОЛҒАН АЙДАУ
1944 жылы қарашаның басында түріктер мекендеген Грузия ССР-ның аймақтары әскери қоршауға алынды, ал хабарландырудан кейін 14 қарашаның таңында бейбіт тұрғындар аяусыз жер аударуға ұшырады. Бұл уақытта 46 мың түрік Екінші Дүниежүзілік Соғыс майданында шайқас жүргізген, олардың 26 мыңы қаза тапты, бірақ бұған қарамастан, үйге оралғаннан соң, сонымен қатар жүздегені ордендармен және ерлігі мен батылдығы үшін медальдармен марапатталған, оған қоса 8 Кеңес Одағының батыры, қайтқан бетте дереу депортацияға ұшырады. Олардың көбісі ұрыста әртүрлі жарақаттар алып, мүгедек болып қалған.
НКВД-ның ресми ақпараты бойынша, 1944 жылы желтоқсанның ортасына қарай 92307 адам жер аударылған, олардың 18923 ер адамдар (қарттар мен мүгедектер), 27399 әйел, 45085-і 16 жасқа дейінгі балалар. Үш күнге азық алуға бұйрық берілген адамдар, көбіне, тамақсыз және жылы киімсіз, жарылған азық-түлік вагондарында бір ай немесе одан да көп уақыт бойы жол жүрді.
Жер аударылған, еркіндігі шектеулі, әлеуметтік және азаматтық құқықтарынан айырылған түріктер Орта Азияның және Қазақстанның ауылды аймақтарына орналасты. 12 жыл бойы «жер аударылғандар» атанып, коменданттық режим шартында, әрі ешқандай құқықсыз, озбырлақта күн кешті. Бірақ, тіпті мұндай сынақтар да халықтың рухын түсіре алмады.
Қазіргі Қазақстанды мекендейтін түрік-ахыскалар өзіне туған жерге айналған өлкеге оның дамуына үлес қосып, адал еңбек істеуде. Осы уақытта Шу ауданында 6000-нан астам түрік-ахыскалар тұрады. Олардың айтулы өкілдерінің бірі — Шу ауданының Құрметті азаматы, Дүниежүзілік түрік-ахыска Ассоциациясының төрағасы, БҰҰ-дағы генералды консультативті огранның Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, «Ақпараттық қоғамға қосқан үлесі» орденінің халықаралық кавалері, «Бірлік» және «Аhiska hormet» медальдарының иегері, табысты кәсіпкер Кошали Гусейнов бізге репрессияланған ата-анасының тағдырын, және оның отбасының өмірі туралы айтып берді.
-Менің әкем Аллас Хасан оглы және анам Синизар Айдыновна тірісінде бізге, яғни жеті баласына жастық шағында басынан өткізген сынақтары туралы баяндайтын. Олар Грузия КСР-ның екі бөлек ауылында тұрғанда, 1944 жылдың 14 қарашасында оларға жарты сағатта қажетті заттарын алып, дереу станцияға келуге бұйрық берілді. Азық-түлік вагондарына отырғызылғандардың ішінде негізінен балалар, әйелдер және қарттар мен мүгедектер еді. Суық кез еді, тамақ болған жоқ, көбісі қаза болды. Пойыз тоқтаған кезде жерлеуге мүмкіндік бермей, бейіттерді қарға көме салатын… Бұл жол оларға бітпестей болып көрінді. Ақырында, әкем қазіргі Таразға, ал анам біздің ауданның Мойынқұм ауылына жеткізілді,- деп Кошали Аллас оглы өз әңгімесін бастады.
Сол кезде, оның айтуы бойынша, қазақ халқы өзінің жылышырайлы қонақжайлығын танытқандығы репрессияланған адамдар өмірінде маңызды рөл ойнады.
-Ата-анамыз айтқандай, қазақ отбасыларырының қиын жағдайы мен аштығына қарамастан, оларды қабылдаған үйдің отбасы мүшесіне айналған. Олар нан мен үйлерін бөліскен, бірі келмейінше бірі дастархан басына отырмайтын. Коменданттық ауыртпалық біткеннен соң, анам мен әкем Ворошиловское ауылына көшіп келген, сонда бір-бірімен танысып, үйленіп, жеті баланы тәрбиелеп өсірген. Қылша өрісінде күш аямай жұмыс істеген,- деп К.Гусейнов ата-анасын еске алады.
ЖАҢА ҰРПАҚ ТАРИХЫ
Кошали Гусейновтың ата-анасы балаларын адал еңбекке баулыған, өздерінің бақшаларында егін еккен, оларды сатып, шаруашылық жүргізген.
-Біздің отбасымыздың басынан қиын кездер өтіп жатқан болатын. Мен әкеммен бақшада өндірілген көкөністерді сату үшін Қазақстан мен Ресейді аралайтынмын. Бұл — оңай еңбек емес. Бірақ, бәріміз бір адамдай өзіміздің жағдайымызды жақсарту үшін үлесімізді қостық. Менің кәсіпкерлікке икемім сонда пайда болса керек. Сол кездерден бері мен бұл іске аса құлшынып, бауырларымды да тарттым.
Мектеп бітіргеннен кейін 17 жасымда қоғамдық тамақтандыру орнына келіп, директорға кірдім, газдалған сусын сататын дүңгіршек ашқым келетінін айттым. Себебі, әпкем екеуміз бұл істі қалай жүргізу керектігін білетінбіз. Директор маған әлі жассың ғой дегендей сенімсіздікпен қарады. Бірақ мен оған ниетімнің салмақты екеніне көзін жеткіздім. Сөйтіп, мені Новотроицкідегі райпотребсоюзға үш айлық оқуға жіберді. Төрт жыл бойы сол дүңгіршікте газдалған сусын сатып еңбектендім. Сол мезеттен бастап менің саналы еңбек жолым басталды деп айтса болады.
1982 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Оралғаннан кейін қайта кәсіпкерлікке кірістім, себебі отбасыны қамту менің мойнымда еді. Әпкелерім тұрмыс құрып кеткен, ағам оқуға, одан кейін армияға кетті. Сөйтіп, совхоз-Рабкооп дүкенінде меңгеруші болдым. Ол жерде інім мен қарындасым да жұмыс істейтін, сосын Рабкоопта дайындаушы болдым,- деп еске ала Кошали Аллас-оглы әңгімесін жалғастырды.
Бір күні, көршілес Қырғызстан автозауытына барғанда, наубайхананың сатылуы жайлы хабарландыруды көреді. Ерінбей, мекенжай бойынша келеді, себебі, наубайхана ашу бұрыннан бері ойында жүр екен.
-«Неге наубайхана?» деген сұрақ сіздің де көкейіңізге келер. Бала кезімде анам мені нан алуға жіберетін. Ол кезде нан алуға кезек күткендер көп болатын. Ал менің бойым аласа болғандықтан, барлығы итеріп, менің кезегіме тұрып алуға жанталасатын. Сондықтан мен үшін нан сатып алу үлкен сынақ болатын. Кейін өздігімнен көп дүниені үйреніп өз наубайханамыз болуы қажет деген мақсат қойдым. Бірақ айту басқа да, оны іске асыру бөлек әңгіме. 1992 жылы Ленинск ауылында наубайхана ашқан мен осы бағытта кәсіп ашқан алғашқылардың бірі болдым. Электр жүйесін жүргізуге 9 ай еңбегім кетті. Осыдан кейін Шу қаласына көштім де онда 1993 жылдан бері нарықта үздіксіз жұмыс істеп тұрған «Рамазан» наубайханасын тұрғыздым. Бірақ табысты жолға дейін жету оңай болған жоқ. Десе де бауырларыммен бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуге тырысып бақтық. Алғашында жұмысшылар жинау қиын болды. Олай дейтінім, бір жарым жыл бойы нан пісіруші аспаздарды мен Бішкектен алып келіп, қайта жеткізіп тастап жүрдім. Одан бөлек электр жүйесімен де көп қиындықтар болды. Наубайханадағы нанды сақтап қалу мақсатында электр жүйесін өшіруге біз отбасымызбен бірге баратынбыз. Осылай 9 жылымыз өтті. Соның ішінде бір жарым жылдай біз үйде болмадық. Орнымызда отырып ұйықтадық. Себебі дизельді құрылғыны орнатуға біршама уақыт кетті. Бір сөзбен айтқанда өте ауыр кезеңдер басымыздан өтті.
Осылайша, бизнес-идеяларымның барлығы менің өткен өміріммен байланысты болды. Тағы бір мысал, біз үйде бір қандай да құрылыс жүргізетін кезде маған құрылыс заттарын іздеуге тура келетін. Сол себепті кейін мен құрылыс заттары дүкенін аштым. Кейін сұлулық салоны мен тігін ательесі, мейрамхана мен ТЖО және басқа да нысандар ашылды. Қазір қарамағымда 60-қа жуық адам жұмыс жасайды. Одан бөлек жалға алуға орын ұсынып көптеген жерлестерімізге өз істерін жүргізуге мүмкіндік сыйладық.
Өз кезінде күреспен айналысып, салауатты өмір салтын ұстандым. Сондықтан біздің ауданға бір жақсы спорт кешені қажет екенін түсіндім де, сол кездегі облыс әкімі Б.Жексенбиннің ұсынысымен жауырыны жерге тимеген батырымыз Балуан Шолақтың құрметіне аталған спорт кешенін тұрғыздым.
1993 жылдан бастап кәсібімді жүргізуге бауырларым ерекше атсалысты. Бір бірімізге үлкен қолдау білдірдік. Осы бағытта біздің жұмыс жасап жатқанымызға 28 жылдың жүзі болады.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ЖАН РИЗА
Қайырымды жандар қоғамға жария ету үшін емес, қамқорлыққа шын мұқтаж жандар үшін мақтау-мадақты қажет етпей, жасырын жасайтыны белгілі. Осындай жандардың қатарынан Кошали Гусейнов және оның бауырлары Нияз, Фатали мен Рамазанды көре аламыз.
— Әкем бізге қолдан келгенше өзгеге қайырымдылық жасауға үнемі үндейтін. Аллаға шүкір, бұндай мүмкіндік бізде бар. Сондықтан біз көмек сұрап келген жанның қолын бос қайтармауға тырысамыз. Біреуіне азық-түліктей, енді біреуіне құрылыс материалдары арқылы көмектесіп жатамыз. Бірақ бұл туралы бүге-шігесіне дейін айтып отыру маған ыңғайсыз, — деп Кошали Аллас оглы жасаған жақсылығын жария еткісі келмейтінін білдірді.
Десе де өзгелер үшін үлгі ретінде біз кейіпкеріміздің игілікті істері туралы айтуын өтіндік.
-90 жылдардың басында маған әпкелерім келіп, көршілеріміздің арасында ішерге асы, киерге киімі жоқ жандар бар екенін жеткізді. Осыны естігеннен кейін бауырларыммен бірге көмек көрсетуге бел будық. Осы жағдайдан кейін біздің қайырымдылық жасау ісіміз бастау алды. 28 жылдан бері біз жылына бір рет, мүмкіндік болып жатса жылына екі мәрте Қонаев ауылында тұратын аз қамтылған отбасыларға материалдық тұрғыда немесе азық-түліктей көмек көрсетуге тырысамыз. Биылғы Ораза айт мерекесі қарсаңында біз 30 отбасыға азық-түлік себетін тараттық.
Бір жолы бізге туберкулезге қарсы диспансерден адамдар жолықты. Содан 15 жылдай аптасына екі мәрте 30-40 наннан апарып тұруды дәстүрге айналдықтық.
Сондай-ақ біз көпұлтты ұжымымыз туралы да ұмытқан емеспіз. Қиын кездерде, әсіресе несие төлеуге қаражат таппай қиналып жатқан жұмысшыларымызға қолдан келгенше қол ұшын береміз. Мәселен жұмысшыларымыздың арасында 30 той өткіздік.
Бауырларыммен аудандағы барлық мешітке көмек көрсеттік десем болады. Көмек әсіресе құрылыс материалдары арқылы көрсетілді. Сол секілді мектеп, аурухана нысандарын жөндеуге де жәрдемдестік. Жекелей айтқанда, Қонаев ауылындағы Төле би мектебі, Төле би ауылындағы М.Мақатаев атындағы тірек мектебі, Бірлік ауылындағы М.Х.Дулати мектебі және тағы басқалары бар. Қол ұшын берер алдында біз міндетті түрде жергілікті билікпен келісіп отырамыз. Спортшыларға да қолдау білдіріп келеміз, әсіресе көкпар ойынында. Жақында бауырым Рамазан екеуіміз Қонаев ауылындағы спорт алаңын салуға ақшалай көмек ұсындық.
Еліміздің кейбір облыстарында орын алған түрлі табиғи және өзге де апаттарға байланысты Талдықорған, Арыс, Қордай, Мақтарал, Түркістан облыстарына гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік жөнелттік.
Бауырым Рамазанның бастамасымен Ислам, Алимжан Мирзоевтар, Андрей Телятников, Даврушем Мустафаев және Айваз Закирьяевтармен «Телманнан» Қонаев ауылына дейін және ауылдағы зиратқа апаратын жолды ретке келтірдік.
Түрік этномәдени бірлестікке төрағалық жасап жүрген уақытымда менің бауырларым Бинали Тагиров, Нардамша және Атамша Мустафаевтар, Мураддин Мажидов, Ислам Мирзоев, Ислам Гамидов, Лейла Кадырова, Батыр Агалиев, София Мавлюдова, Гульмамат Рафатов және басқалары көмекшілерім болды. Іс-шаралар өткізу кезінде Гульдаста Назированың да көмегі көп болғанын атап өткім келеді. Аталмыш бірлестікті құрған кезде біз өсіп келе жатқан жас ұрпаққа салтымыз бен мәдениетімізді насихаттап, ұлттық билерімізді үйретіп, мәдени шараларға белсенді қатысуға шақырдық. Оларды ұлттық киімдермен және аспаптармен қамтыдық. Шараларға шын құлшыныспен қатысқан балалар үнемі алдыңғы орындардан көрініп, ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болып жатты. Өткізілген шаралардың ішінде маған ерекше әсер сыйлаған екі шара болды. Ол түрік-ахысканың Қазақстан жерінде тұрып жатқанына 70 жыл толуына орай республикалық көлемде ұйымдастырылған шара. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Қырғыз елінен этномәдени бірлестіктер өкілдері жиналды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 650 балаға және олардың ата-аналарына арнап ұйымдастырылған үлкен шара да көпке дейін менің есімде қалды.
-Бір кездері дархан пейілді қазақ жері менің ата-анамды және түрік этносының басқа да өкілдерін құшақ жая қарсы алды. Бүгінгі күні де сол кездегі бауырмалдылықты өсіп келе жатқан ұрпақ естен шығармауы қажет. Біздің ата-аналарымыз осы жайында үнемі айтып отыратын және көмек көрсетуден аянып қалмаңдар дейтін. Біз солай жасауға тырысып жатырмыз. Қазақстан – бұл біз туып-өскен, еркін тыныс алатын қасиетті Отанымыз, — деп сөзін қорытындылады К.Гусейнов.

Евгения СТЕЦЮРА.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.