Алаштың алдаспан ұлдарының бірі — Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің ертеңі мықты» деп бекер айтпаса керек-ті. Газеттің қоғамда алар орны қаншалықты маңызды екендігі баршаңызға мәлім. Тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиет дарып, құт қонған өлкенің төл басылымы «Шу өңірі» газеті сонау 1935 жылдың 16 маусымынан бастап үзбей жарық көріп, ауданның шежіресін қағаз бетіне хаттады десек артық айтқандық болмас. Демек аудандық басылым биыл 85 жасқа толғалы отыр.
2018 жылдан бастап «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы қатысу үлесі 49 пайызды құрайтын құрылтайшысы Ә.Несіпбаевтың өңірдегі сенімді үзеңгілесі ретінде төл газетімізге бұрынғыдан да жақындай түсіп, жай-жапсарын бағамдап, жанашырлық танытып, қолдауға бекіндім. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат ағысын тарататын ауданның айнасы — «Шу өңірі» газетіне жазылуға ауданның әр азаматы қалыс қалмауы керек. Жыл өткен сайын газеттің таралымы өсудің орнына төмендеп барады. Бір кездері ауданның тыныс-тіршілігінің басы-қасында жүрген ел ағалары тұрақты оқырманымызға айналып, алды елу жылға жуық үздіксіз алып келе жатқанын да жоққа шығармаймыз. Қазіргі ұрпақ сол аға буын өкілдерінен үлгі алса деймін.
Бүгінде директор-бас редактор Нұржан Қадырбеков басшылық ететін «Шу аудандық баспасы» ЖШС-де өз жұмысын сауатты әрі жүйелі жүргізетін қызметкерлер жұмыс істейді. Келген хаттарға қырағылық танытып, көз майын тауысып, тіпті белгіленген жұмыс уақытынан да тыс еңбек етіп жүрген қаламгерлердің де еңбегі бағалы.
Газеттің қоғамдағы орнын теледидар да, радио да, интернет те толықтыра алмайды. Аудан өмірінде орын алып жатқан мәдени және рухани өзгерістер, экономикалық-әлеуметтік саладағы және басқа да жаңалықтар осы газетте үздіксіз жарияланып келеді. Ендеше, төл басылымыңызға жазылуды ұмытпаңыз! Құлаққағыс ретінде айтарым, аудандағы ауылдық округтің әкімдері, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағалары, рухани азықты басты орынға қоятын ел ағалары төңірегіндегі қаумалаған халыққа үгіт-насихат жұмыстарын асқан жауапкершілікпен жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Газетке жазылу тек пошта бөлімшелерінде емес, «Шу өңірі» газеті редакциясында да жүргізілетінін ескертеміз. Сондай-ақ, жазылуға үлгермей қалған болсаңыз, келесі айларына жазылып, сол айдан бастап алуыңызға мүмкіндігіңіз бар.
Қазақбай БАЙЖҰМАНҰЛЫ,
Шу аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы.