A place where you need to follow for what happening in world cup

31 отбасына көмек көрсетілді

166

Қайырымдылық – адам жанының нұры. Қайырымдылық жасау үшін ең бастысы мейірімді жүрегің мен ниетің таза болуы жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Осы мақсатта Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылының тұрғындары көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Ауыл тұрғындарының белсенділігімен қомақты қаржы жиналып, нәтижесінде 31 отбасыға қайырымдылық жасалды.

-Қазіргі таңда еліміз қиын күндерді басынан өткеріп жатыр. Бүкіл дүниежүзін жайлаған індет елімізді айналып өтпеді. Індет алғаш анықталған сәттен бастап мемлекет ең бірінші халқының амандығы мен денсаулығын ойлап, сақтық шараларын күшейтті. Оның салдарынан көптеген жұмыс орындары тоқтап, жұмыссыз азаматтардың саны көбейді. Міне, осындай сәтте жаны жомарт жандар көмекке мұқтаж жандарға көмектесуі керек. Бұл кез азаматтылығымызды танытатын уақыт.
Әр ауылда жыл сайын көше болып жиналып, құдайытамақ беру дәстүрге айналған. Алайда қазіргі таңда мұндай шаралардың барлығына тыйым салынды. Осыны ескере отырып, ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Шектеулерге байланысты топтасып немесе көп адам жиналуға болмайтынын түсіндіріп өттік. Одан да сол ақшаны жинап, қайырымдылық жасауға шақырғанымызда бұл шешімді барлық тұрғындар құптап, белсенділік танытты, – дейді Мыңбұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков.
Оның айтуынша, әр отбасыға 20 000 теңгеден астам қаржы жұмсалған. Азық-түліктей көмек көпбалалы, аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көрсетілген. Аталған жанұяларға 25 келі ұн, 10 келі күріш, 10 келі қант, макарон өнімдері, шәй, сұйық май үлестірілген.
-Ауыл тұрғындарынан 600 мыңға жуық қаржы жиналды. Біз қаржыны 31 отбасыға көмек көрсету үшін жұмсадық. Ал, қалған қаржыны ауылдың имамына тапсырып, мешітте өткіздік. Әлі де көмекті қажет етіп отырған отбасыларға аз да болса көмек беретін боламыз. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген қазақта жақсы сөз бар. Мұның бәрін мақтан үшін айтып жатқан жоқпыз. Осындай сын сәттерде ғана емес әрдайым қайырымдылық жасау дәстүрге айналса деген ниеттеміз. Ата-бабамыздан келе жатқан мұндай қасиетіміз бойымыздан жоғалмай, келешек өскелең жастарымыз жалғастыруы үшін ұйымдастырудамыз. Біздің қазақ елі небір қиын кезеңдерден бірлігінің, ынтымағының арқасында өтті. Бұл жолы да дәл осындай ізгі қасиеттерімізбен індетті жеңіп, мамыражай өмір қалпымызға оралатынымызға сенім білдіремін, – дейді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.