A place where you need to follow for what happening in world cup

195 отбасына көмек көрсетілді

283

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру – үлкен сауапты іс. Қай қоғамда болса да қолдан келгенше қайырымдылық жасау – парызымыз. Әсіресе, елімізде бүгінгідей төтенше жағдай жарияланып, көп адамдар табысынан айырылып жатқан сәтте бір-бірімізге қарайласуымыз керек.

Ауданымызда «Nur Otan» партиясы мен «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен демеушілерді тарту арқылы көптеген аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен төтенше жағдай жарияланғалы «Біз біргеміз!» акциясы аясында 172 отбасына көмек көрсетілсе, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен 195 отбасына көмек көрсетілді. Одан бөлек, ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен және ауыл-ауылда ешкімнің ұйымдастыруынсыз-ақ жаны жомарт жандар тарапынан да түрлі көмектер көрсетіліп жатыр.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовтың бастамасымен орталықтағы жастар біркісідей атсалысып, күнделікті қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Мәселен, осы бір ай ішінде Бауыржан Момышұлы ауылы, Ақсай, Нұрлыкент, Боралдай, Қошқарата, Қарасаз, Көкбастау, Күреңбел ауылдық округтерінен көмекке мұқтаж отбасыларға әр отбасына бір қап ұн мен 10 мың теңге көлеміндегі күнделікті ең көп тұтынатын азық-түліктер берілуде. Азық-түліктер ерікті жастардың көмегімен таратылды.

Бұл азық-түліктер жеке кәсіпкерлер, аудандық мәслихат депутаттары, шаруа қожалық жетекшілері мен белсенді азаматтардың қаржысына алынып отыр. Қазақта «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген мақал бар. Яғни, қайырымдылықты мақтан үшін немесе қайырымын күту мақсатында жасамау керек. Алайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас ұрпаққа үлгі ету үшін қомақты қаржы берген азаматтардың бірқатарын атап өтуді жөн санадық. Олар: «Нұрлы – Солар» ЖШС директоры Нұрлан Капенов, аудандық мәслихаттың депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев, жеке кәсіпкер, аудандық Аналар алқасының мүшесі Нүрилә Мәлібекова, кәсіпкер, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, тағы да басқалар. Жаны жомарт жандардың шын жүректен жасалған қайырымды істерін Алла тағала қабыл етіп, істеріне береке берсін!

Сонымен бірге, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ауданда Көктөбе, Шақпақата, Бауыржан Момышұлы ауылдарында он-оннан еріктілердің бірігіп атсалысуымен медициналық бетперделер тігілуде. Маскаға қажетті материалдар аудан әкімі аппаратының тарапынан алынған. Еріктілеріміз бетперделерді тегін тігуде. Азық-түлік таратылған отбасылардың әрбір мүшесіне екі данадан деп есептеліп бетперделер тегін таратылды.

Жалпы ауданда Жастар орталығының жанынан «Қамқор» волонтерлық-қайырымдылық клубы құрылған. Клубтың бүгінгі таңда 140 мүшесі бар. Олар – студенттер мен жұмыссыз ауыл жастары. Ерікті жастар қайырымдылық істерді жүзеге асыру, «Шақпақ» санитарлық блок-бекетіне барып шектеу шаралары туралы жадынамалар тарату, полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында түнгі рейдтік жұмыстарға атсалысу және де жалғызбасты қарттар мен көмекке мұқтаж отбасыларға барып тұрмыстық жағдайына қолғабыс ету жұмыстарымен айналысуда.

-Қайырымдылық шаралар әрине мұнымен тоқтамайды. Әрі қарай да жалғасын табатын болады. Әлі де өз еркімен аз қамтылған отбасыларға демеушілік жасаймын деген азаматтар болса, біздің байланыс телефонымызға (8 778 543 43 41) хабарласуларын сұранамыз. Аудан орталығындағы «Қамқор» дүкені жұмыс істеуде.

Қайырымдылық шараларына үлес қосқан барша жаны жомарт жандарға және шараның ұйымдастырылуына белсенді түрде үлес қосып жатқан жастарға алғысымызды білдіреміз.

Орталықтың қызметкерлері мен еріктілер қайырымдылық шаралар мен қатар енді ауданымыздағы халық көп жиналатын орындар аудандық пошта байланыс торабы мен Халық банкіне келушілерге шектеу және сақтық шараларын түсіндіруге кезекшілікке тұрады. Сондай-ақ, Шақпақ блок-бекетінде жүргізушілер мен жолаушылармен анкеталар толтыруға да көмектесуге баратын болады,- дейді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Бегасылұлы.

Жастарымыздың үлгі боларлық істеріне сәттілік тілейміз!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.