Халық үнін есту – басты ұстанымым! — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Халық үнін есту – басты ұстанымым!

12

№4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Сарысу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Тусипбеков Баглан Сактаганович

Өмірбаяным

Мен, Тусипбеков Баглан Сактаганович, 1986 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім. 2008 жылы Тараз қаласындағы «Қайнар» университетін «Экономист» мамандығы бойынша аяқтадым. Еңбек жолымды 2008 жылы Халық банк жинақтаушы зейнетақы қоры менеджер қызметінен бастадым.
2013-2020 жылдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Сарысу аудандық филиалының басшысы қызметін атқардым.
2020 жылдан бастап Сарысу ауданында жеке кәсіпкер болып адал кәсіптің жемісін көрудемін. Көпжылдық еңбек тәжірибемнің нәтижесінде кәсіпкерлік бағытты дамыту бағытында мол тәжірибе жинақтадым. Қаламызда жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға белсене атсалысуды басты мақсат еттім. Кәсіпкерлік саласында жүріп, талай игі істерге атсалыстым. Қайырымдылық шараларының басы – қасында жүріп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдадым. Қоғаммен байланыс менің тәжірибемді толықтырып, өзімді депутаттық мансапта сынап көруде бел будым.
Әрине, «Ерлік елдікте сыналады» дегендей, ауыр жүкті мойныма арта отырып, өзіме деген сенімді нығайтқым келеді. Мінберде талай түйткілді мәселелерді көтере отырып, оң шешілуіне кұш – қайратымды жұмсау – басты мақсат. Бұл жолда «Әділет» партиясының саяси бағдарларына сүйене отырып әрекет етемін. Себебі, партияның бірінші мақсаты – Әділетті қоғам құру, Заң мен Тәртіпті сақтау және бұқараның боямасыз болмысын билікке жеткізе білу.
«Әділет» партиясы бұл тек саяси күш қана емес, ел сенімін ақтауда міндеттерді арқалаған басты партия. Партияның алдағы 5 жылға арналған бағдарламасында баспана мәселесін шешу, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғаммен байланысты терең орнату мен әрбір өтінішке құлақ асып, шешілу жолдарын бақылау.
Мен үшін елге қызмет ету үлкен жауапкершілік. Туған жерімнің дамуына үлес қосу, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету өмірлік ұстанымым. Қаламызды өркендету, еңбеккерлерді қолдау және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды басты міндеттерімнің бірі деп санаймын.
Жоғарыда айтып өткендей, егер мен депутат болып сайлансам, нақты әрекеттерге бел буып, елдің аманатын арқалағым келеді. Сіздердің сенімдеріңіз аса маңызды!

Сайлауалды бағдарлама

Қадірлі сайлаушылар!
Қойнауы кенге толы кеншілер шаһары – Жаңатас жаңа кезеңге аяқ басып, дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Болашаққа бет түзеген жасыл қаланың келбетін жаңартып, жарқын болашағын қалыптастыру үшін жаңашылдық пен талап, айқын мақсат пен жүйелі жұмыс қажет. Сонда ғана көздегенімізге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра аламыз.
Ауданымызға қарасты №4 сайлау округіне кіретін барлық елді мекеннің дамуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Әрбір тұрғын жайлы өмір сүруге, сапалы әлеуметтік қызмет алуға, тұрақты жұмыспен қамтылуға және өз кәсібін дамытуға тең мүмкіндікке ие болуы қажет. Осы ретте көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жастарға қолайлы жағдай жасау басты басымдықтарымыздың қатарында.
Менің басты міндетім – №4 сайлау округі тұрғындарының мүддесін қорғау, елді мекендердің дамуына ықпал ету және қабылданған әрбір шешімнің халыққа нақты пайдасын тигізуіне күш салу.
Бірлік, өзара түсіністік пен бірлескен жұмыстың арқасында қаламызды одан әрі дамытып, көркейте алатынымызға сенімдімін.
Менің басты ұстанымым – қоғаммен ашықтықты қалыптастыру, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» Тұжырымдамасын сапалы іске асыру және мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына бар күшімді салу. Осы ретте Сіздердің қолдауларыңыз қашан да маңызды!
2026-2031 жылдарға арналған нақты міндеттемелер
1. Жолдар мен көлік қатынасын жақсарту
Дегерес елді мекенінде қатынайтын қоғамдық көлік маршрутын Абай көшесі мен МЭЗ елді мекенінің соңына дейін ұзартуға ықпал ету. 2031 жылға дейін №4 сайлау округінің аумағындағы жөндеуді қажет ететін жол учаскелерін кезең-кезеңімен ретке келтіруге күш салу. Атап айтқанда, Панфилов, Т.Бигелдинов, Жамбыл, Дина Нұрпейісова, К.Байсейітова, Жангелдин, С.Есова және Шоқай датқа көшелерінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткізу. Сонымен қатар жолдардың жыл бойы сапалы күтіп-ұсталуына назар аудару.
2. Қолжетімді несие және кәсіпкерлікті дамыту
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы және басқа да мемлекеттік қолдау тетіктері аясында №4 округ тұрғындарының жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету. Отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға, шағын бизнес ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттың қолжетімді болуына басымдық беру.
3. Жаңа жұмыс орындары және тұрғындардың табысын арттыру
№4 округ аумағында шағын кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына жәрдемдесу. Тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпал ету. Бұл ретте ауданымыздағы ірі кәсіпорындармен бірлескен жұмысты жандандырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беру.
4. Қолжетімді әрі сапалы медицина
№4 сайлау округі аумағында медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға күш салу. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне ықпал ету.
5. Заманауи мектептер және  балаларға қолайлы жағдай
МЭЗ елді мекеніндегі Аяпов және Әзірбаев көшелерінде балалар ойын алаңшаларын салу мәселесін көтеру. Д.Қонаев атындағы орта мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, білім сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға қолдау көрсету. Сонымен қатар қаламыздағы халық санының өсуін ескере отырып, Жаңатас қаласында жоғары оқу орнын ашу мәселесін көтеру.
6. Әлеуметтік қорғау және отбасыларды қолдау

Қарт адамдарға, балалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына ықпал ету. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, аудан мекемелерінде кедергісіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға күш салу. Сонымен қатар №4 округ аумағында «Арақсыз аймақ» жобасын іске асыруға бастамашылық ету. Жобаны жүзеге асыру барысында жеке кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық қолдауды қалыптастыру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу.

Тапсырыс беруші: №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Сарысу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Тусипбеков Б.С.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.