Жергілікті жолдардағы әрбір үшінші сынама талапқа сай емес — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жергілікті жолдардағы әрбір үшінші сынама талапқа сай емес

20

 

2026 жылдың басынан бері «Жол сапасы» ұлттық сапа орталығы жергілікті жол желісінде 15 мыңнан астам жол-құрылыс материалының сынамасын зерттеді. Зертханалық сынақ нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

Бұл туралы Астанада өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» семинар-кеңесінде айтылды. Іс-шара ҚР Көлік министрлігінің қатысуымен ұйымдастырылып, оған өңірлер мен «Жол сапасы» филиалдарының өкілдері қатысты.

Зертханалық бақылау жол-құрылыс материалдарындағы сәйкессіздіктерді нысанның сапасы мен пайдалану мерзіміне әсер етпей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды уақытылы жою мәселесі өзекті болып отыр. Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелген. Оның 214-і жойылды, 1 783-і әлі жойылған жоқ. Бұл – анықталған бұзушылықтардың шамамен 90%-ы.

Бұдан бөлек 2024-2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Тексеру барысында олардың бірқатарынан талаптарға сәйкессіздіктер анықталған.

Семинар барысында мамандар проблемалық нысандарды, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін және ақаулардың уақытылы жойылмау себептерін талқылады. Техникалық қадағалау, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер мен «Жол сапасы» мамандары арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.

Қатысушылар қолданыстағы нормативтік базаны қайта қарау қажеттігін де атап өтті. Нормативтік құжаттарды кешенді түрде қайта қарап, талаптардағы алшақтықтарды жою жол жұмыстарының сапасын бағалауға бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Семинар қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленіп, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері мен жауапты тұлғалар белгіленеді. Сондай-ақ нормативтік базаны өзектендіру бойынша ұсыныстар әзірленіп, жергілікті жол желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспары дайындалады.

Негізгі талап өзгермейді: анықталған сәйкессіздік тек тіркеліп қана қоймай, белгіленген мерзімде міндетті түрде жойылуы тиіс.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.