Жамбыл облысының прокуратурасы «Қоғаммен байланыс» жобасын іске асыруды жалғастыруда — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облысының прокуратурасы «Қоғаммен байланыс» жобасын іске асыруды жалғастыруда

8

Жамбыл облысында халықпен кері байланысты нығайтуға және жергілікті жерлердегі проблемалық мәселелерді жедел шешуге бағытталған «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында кезекті акция өтті.

Бір апта ішінде облыстың барлық аудандары мен қалаларында уәкілетті және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен азаматтарды қабылдау өткізілді. Қабылдауларды көшпелі форматта өткізу нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Кері байланыс беруге арналған заманауи QR-кодты қолдану өткізілген іс-шаралардың сапасын бағалауға ғана емес, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді жедел анықтап, оларды сол жерде шешуге мүмкіндік берді.

800-ден астам азаматқа заң және өзге де бейінді салалар бойынша көмек көрсетілді. Атап айтқанда, адвокаттардан, нотариустардан, сот орындаушыларынан, ХҚКО мамандарынан, сондай-ақ денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының мамандарынан консультациялар берілді.

Кешенді тәсіл 1,1 мыңнан астам азаматтың мүддесіне қатысты жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 132 азаматтың, үш кәсіпорын жұмысшыларының және 15 кәсіпкердің өтініштері оң шешімін тапты.

Мәселен, Талас ауданында облыс прокуроры Жандос Әбдібаевтың қатысуымен 25 азаматтың әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу және алимент өндіру мәселелері жергілікті жерде шешілді.

Сегіз тұрғын үй алу кезегіне қою бойынша көмек алды. Сонымен қатар екі көпбалалы отбасы ағымдағы жылы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.

Жоба аясында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мал ұрлығының жолын кесуге ерекше көңіл бөлінді.

Көшпелі ветеринариялық бөлімше шалғайдағы ауылдарда 300-ге жуық құлынға чип жүргізді. Шаруашылық иелеріне жарық шағылыстыратын құралдар табысталды. Бұдан бөлек, GPS құрылғыларын орнату және малды орталықтандырылған жайылымда бағуды ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл малдың жоғалу қауіпін азайтуға мүмкіндік береді.

Облыс прокуроры мемлекеттік органдардың халықпен ашық диалогы проблемалық мәселелерді уақтылы анықтау және шешу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.

«Қоғаммен байланыс» жобасы өзінің сұранысқа ие әрі тиімді екенін дәлелдеді және тұрақты негізде іске асырылуда.

 Жамбыл облысының прокуратурасы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.