Еріктілік – ізгілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Еріктілік – ізгілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі

16

Қоғамның дамуы азаматтардың белсенділігіне, өзара жанашырлығына және ортақ іске деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, еріктілік – адамдарды игі мақсатқа біріктіріп, қоғамға пайда келтіруді басты құндылыққа айналдыратын маңызды қозғалыс.

Еріктілік – тек белгілі бір қоғамдық іс-шараға қатысу емес. Оның негізінде өзгеге қолдау көрсету, қоршаған ортаға қамқорлық таныту, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау және өз мүмкіндігіңді ортақ игілікке жұмсау секілді құндылықтар жатыр. Әсіресе жастар арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыру олардың бойындағы мейірімділік, жауапкершілік, отансүйгіштік пен ұйымшылдық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.

Еріктілік жастар үшін үлкен өмірлік тәжірибе мектебі деуге болады. Қоғамдық бастамаларға араласқан жас жаңа ортамен танысып, адамдармен жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды, уақытты тиімді жоспарлауды және түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Мұндай тәжірибе оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ғана емес, болашақ кәсіби дамуына да оң әсер етеді.

Бүгінде волонтерлік қызметтің ауқымы айтарлықтай кеңейіп келеді. Қазіргі еріктілер әлеуметтік қолдау мен қайырымдылықтан бөлек, экология, мәдениет, спорт, білім беру, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар, инклюзия, төтенше жағдайлар кезіндегі көмек және өзге де қоғамдық маңызы бар бағыттарға белсенді араласуда. Бұл волонтерліктің қоғам өміріндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Тараз қаласында да еріктілік мәдениетін қалыптастыруға және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға ерекше мән берілуде Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан жастардың бастамаларын қолдауға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және жаңа идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға басымдық беріліп келеді.

Басты мақсат – волонтерлікті бір реттік акциялар немесе жекелеген іс-шаралар деңгейінде қалдырмай, оны жастардың тұрақты азаматтық ұстанымына айналдыру. Өйткені қоғамға пайдалы болу үшін міндетті түрде ауқымды жобаның қатысушысы болу шарт емес. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қоғамдық орындардың тазалығына үлес қосу, көмекке мұқтаж жанға қолдау білдіру немесе пайдалы бастамаға атсалысу – еріктіліктің қарапайым әрі маңызды көріністері.

Еріктілік қозғалысының тағы бір маңызды ерекшелігі – адамдарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіруінде. Түрлі салада білім алып, еңбек етіп жүрген жастар бір бастама аясында бас қосып, тәжірибе алмасады, жаңа идеялар ұсынады және ортақ нәтижеге бірге қол жеткізеді. Бұл жастар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтып, көшбасшылық және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастырады.

Қазіргі уақытта еріктілік қызметінің жаңа бағыттарын дамыту да өзекті. Цифрлық волонтерлік, экологиялық және инклюзивті жобалар, ақпараттық сауаттылықты арттыру, мәдени мұраны насихаттау, әлеуметтік бастамаларды қолдау секілді бағыттар жастардың мүмкіндігін кеңейте түседі. Сонымен бірге еріктілерді оқыту, олардың білімі мен тәжірибесін жетілдіру, жобалық жұмыс пен көшбасшылық дағдыларын дамыту маңызды.

2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы ретінде аталып өтуі еріктілік мәдениетін кеңінен насихаттауға жаңа мүмкіндік береді. Бұл кезеңнің маңызы еріктілер санын арттырумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – қоғамда өзара көмек пен жанашырлық мәдениетін нығайтып, азаматтардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына жағдай жасау.

Осы ретте еріктілердің еңбегін таныту мен олардың жақсы бастамаларын көпшілікке үлгі ету де маңызды. Себебі бір адамның игі ісі өзгелерге серпін беріп, шағын бастама үлкен қоғамдық жобаға ұласуы мүмкін. Жақсылықтың үлгісі көбейген сайын қоғамдағы өзара қолдау мен жауапкершілік те нығая түседі.

Алдағы уақытта Тараз қаласында еріктілердің жаңа идеяларын қолдау, тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері және басқа да салалармен өзара байланысты күшейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жастарға өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру арқылы олардың бойындағы азаматтық белсенділік пен туған қаласына деген жауапкершілікті арттыруға болады.

Еріктілікке қолдау көрсету – түптеп келгенде қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам. Өйткені ерікті адам қоғамнан не алатынын ғана емес, оған өзі қандай пайда келтіре алатынын ойлайды. Осындай көзқарастағы азаматтардың көбеюі – тұрақты әрі бірлігі бекем қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.

Әрбір игі бастама шағын әрекеттен басталады. Бір адамның көңілін сұрау, табиғатты қорғауға атсалысу, пайдалы іске уақыт бөлу немесе өз білімің мен тәжірибеңді өзгелермен бөлісу де үлкен өзгерістерге жол ашуы мүмкін.

Еріктілік – жүректен шыққан ізгі ниет пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Ал жақсылық жасауға ұмтылған, туған жерінің болашағына бейжай қарамайтын жастар – қоғамның үлкен күші. Сондықтан еріктілік мәдениетін дамыту, жастардың игі бастамаларын қолдау және оларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну алдағы уақытта да маңызды міндет болып қала бермек.

Бірігіп жасалған әрбір игі іс – қоғамның жарқын болашағына бастар қадам.

Азамат Лесбек,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.