«Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында кездесу өтті - "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

«Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында кездесу өтті

11
1 шілде – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды белес. Осы күннен бастап елімізде жаңа Конституция заңды күшіне енді. Жамбыл жоғары медициналық колледжінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында кездесу өтті. Басқосуға өңірдегі медицина ұйымдарының басшылары, дәрігерлер мен сала мамандары қатысып, Конституцияда көзделген өзгерістердің мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.

Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жаңа Конституцияның ел болашағы үшін тарихи маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгіннен бастап 1995 жылы қабылданған Конституцияның күші жойылып, жаңа Ата заң өз күшіне енді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияда мемлекеттік құрылымға қатысты ауқымды өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылып, заңдарға бастамашылық жасау құқығына ие Халық кеңесі жұмысын бастайды. Сонымен қатар елімізде вице-президент қызметі енгізіледі. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, билік пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сержан Назарбек Конституцияның басты қағидаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы екенін атап өтті. Сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекет ісіне белсенді араласуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді нығайту сияқты маңызды ұстанымдар жаңа мазмұнмен толыққанын жеткізді

Кездесу барысында Мемлекет басшысының жаңа Конституцияның тарихи маңызы жөніндегі пікірлері де айтылды. Президенттің айтуынша, бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталып, еліміз саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Сонымен қатар бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетіні, оның көктемгі жаңару мен елдің құқықтық жаңғыруының символына айналатыны ерекше атап өтілді.

Жиында облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаров пен облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов та сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның денсаулық сақтау саласын дамытуға, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қосатын үлесі жөнінде пікірлерін білдірді.

Қатысушылар жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі дамуын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екеніне тоқталды. Сонымен қатар Ата заңда белгіленген қағидаттарды халық арасында кеңінен түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет екені айтылды.

Кездесу соңында медицина саласының өкілдері жаңа Конституцияда белгіленген құндылықтар елдің тұрақты дамуына, қоғамдық бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің нығаюына қызмет ететініне сенім білдірді. Өйткені Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, елдің ертеңіне бағыт-бағдар беретін басты стратегиялық құжат.

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.