Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын жұмыс сапарымен аралап, саябақтар мен скверлердің, демалыс орындарының жай-күйіне қанығып, облыс орталығын абаттандыру бойынша жоспарлы жобаларға назар аударды.
Алдымен өңір басшысы «Жас түлек» скверінің абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Мұнда алдағы уақытта қайта жаңғыртудан соң «Денсаулық» саябағы құрылмақ. Бердібек Сапарбаев қала әкімдігіне облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жасыл желектерді отырғызу, жарықтандыру, қоғамдық дәретханаларды жайластыру және жалпы қала тұрғындарының демалуына барынша қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы «Зербұлақ»демалыс аймағына да арнайы барды. Бұл көл тараздықтардың көптеп жиналатын бірден-бір демалыс орны болуға мүмкіншілігі жетеді. Дегенмен, ол үшін алдымен түбін тазалау, жағалауын нығайту, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, инвесторлар мен тәжірибелі мамандарды тарту секілді шараларға аса назар аударуды қажет етеді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Май» тоғайын қайта жаңарту жұмыстарын бастау жоспарлануда. Аймақ басшысы саябақ аумағындағы мүгедектігі бар азаматтарды оңалтумен және жұмысқа орналастырумен айналысатын, күндізгі стационарлы «Асар» қоғамдық бірлестігінің ғимаратына ат басын бұрды. Мекеме басшысы Руслан Төлегеновтің айтуынша мекемеде бүгінгі таңда 37 адам, оның ішінде 30 мүгедек еңбек етуде.
— Біз міндетті түрде сіздерге жайлы орынға көшуге және орнығуға көмектесеміз. Мекеменің мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін оңалту бағытындағы қызметтерін кеңейту қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар ат клубы орналасқан, иппотерапия сеанстары өз жалғасын таба бермек. Бұдан бөлек психоневрологиялық және тірек-қимыл қозғалысында ақаулары бар науқастарды оңалту үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.
Алдыңғы жаңалық
Келесі жаңалық