A place where you need to follow for what happening in world cup

«Қалаға қатысты мәселеге бейжай қарамаймын» – Дархан Баймбетов

81

Дархан Баймбетов – Қаратау қаласы тарихындағы халықтың таңдауы арқылы сайланған алғашқы әкім. Әкімдерді көпшіліктің дауыс беруі арқылы іріктеу және оның маңыздылығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында көтерілген болатын.
Дархан Тобашұлының сайлау тәртібімен іске кіріскелі 3 жылдан аса уақыт өтті. Жалпы әкімдерді сайлаудағы мақсат-жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту, қоғамдық ұйымдар арқылы әкім мен халықтың бірлесе жұмыс жасау механизмін жетілдіру. Сөз жоқ, артылған міндет ауқымды.
Қызмет бастағаннан бергі аралықта қала әкімі тарапынан атқарылған жұмыс деңгейі қаншалықты, нендей мәселеге назар аударылды осы және өзге де сауалдарды Дархан Баймбетовтың өзіне қойған едік.

– Мемлекеттік қызметтегі лауазымның бірі-әкім. Атқаратын қызметіне қарай әр деңгейге бөлінеді. Бұрын ауыл әкімдерін сайлауды мәслихаттың депутаттары шешетін. Мемлекет басшысының ұсынысымен елімізде 2021 жылдан бастап тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, әкімдерді дауыс беру арқылы анықтауға жол ашылды. Сіз жаңа жүйе тәртібімен Қаратау қаласы тарихындағы халықтың таңдауы арқылы сайланған алғашқы әкімсіз. 30 мыңға жуық тұрғыны бар қалаға әкім болу қаншалықты жауапкершілік жүктейді?
– Жауапкершілік үлкен. Қанша адам болса сонша пікір, сонша көзқарас бар. Қаратау-жаныма жақын қала. Жастық шағым осында өтті. Еңбек жолымды да осында бастадым. Аудандық білім бөлімінде қызмет те атқардым. Кейінірек «Жұрындысай» балалар лагерінде директор, Үшарал ауылында әкім де болдым. Шағын шаһарды туған қаламдай жақын тартамын. Сондықтан, қаладағы әрбір жаңалық, әрбір мәселе мен үшін аса маңызды.
Ия, әкімдерді халықтың дауыс беруі арқылы сайлау-Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды шешім болды. Бұл саяси процесті жандандырып, партиялар арасындағы бәсекені арттыратын реформа. Сайлауға кандидат болып тіркелгенде көп жайтқа көзім жетті. Байқағаным, барлық партия өкілдеріне, өзін-өзі ұсынғандарға тең жағдай жасалды. Әрқайсымыз сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде тұрғындарға бағдарламаларымызды танысты­руға мүмкіндік туды. Сол арқылы халықпен тығыз байланыс орна­тып, әр тұрғынның талап-тілегі­мен, арыз-шағымымен таныстым.
– Жергілікті тұрғындардың дені өзіңізге таныс. Көзбен көріп көңілге түйгеніңіз бар, көпшілік тарапынан көтеріліп жүрген мәселелер және бар. Сайлау тәртібімен қызметке кірісерде бірінші кезекте қандай мәселені назарға алдыңыз?
– Қала тазалығы-кейінгі жылдары жиі айтылып жүрген мәселенің бірі. Қаратау-біздің бала кезімізде қандай қала еді. Тазалығы тәнті ететін. 90-шы жылдардағы ауыртпалықты айтпағанда қала қазір қайта түлеп келеді ғой. Сырт­тан келген адам бірінші тазалыққа мән береді. Өйткені, тазалық-мәде­ниеттің белгісі. Кейде біз осы мәселеде осалдық танытып жата­мыз. Оны мойындауымыз керек.
Алғашқы кезекте тазалыққа назар аудардым. Жалпы қалада бұл жұмыспен «Таза қала Қаратау» және «Қаратау саябақтары» ЖШС айналысады. 2021 жылы шағын және көпқабатты тұрғын үйлер және жеке сектор, сондай-ақ кәсіпкерлермен 17177 келісім шарт жасалды. Ол тұста 44 қоқыс алаңы болды. Сонымен қатар 8 алаңша жаңартылып, оның ішіне 78 контейнер орнатылды. 2024 жылы аталған қоқыс алаңының 11-і жаңартылды.
Қыс мезгілі аяқтала колледж қызметкерлері мен студенттерді, қоғамдық қызметкерлер мен ардагерлерді және еріктілерді жұмылдырып, қаладағы «Тамды әулие» өзенінің бойын тазартуға кірістік. 2022 жылы 1,161 мың теңгеге Төле би, С.Шәкіров, А.Байтұрсынұлы көшелері қиылысындағы арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, қаланың орталық көшелері және 110 шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырлары дезинфекцияланды.
Сондай-ақ, «Флора» саяжайындағы 4 гектар жердегі бұзыл­ған және жарамсыз болып танылған үйлер мен қоражайлардың орында­­ры тегістеліп, күл-қоқыстан тазартылды. Соңынан тегістелген жер телім­дері бағбандық және саяжай бағы­тында пайдалануға берілді.
Талап бар жерде тәртіп орнайды. Қоғамдық орындарға зиян тигізген кейбір азаматтар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408 және 505- бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Арада үш жылға жуық уақыт өтсе, тазалық мәселесі әлі де толық шешімін таппай келеді. Қала тазалығына тиісті мекеме жұмысшылары ғана жауапты емес, тазалық барлық тұрғындарға ортақ. Осыны түсінуіміз керек. Көше жинақы, аула айнадай болып тұрса, көңілге қуаныш сыйламай ма? Өз қаламызға өзіміз ғана жанашыр бола аламыз. Осыны үйдегі балалармызға дейін түсіндіре жүру қажет.
– Шағын шаһардың жыл санап шырайы артып келеді. Әсіресе, бұзылған көппәтерлі үйлер қайта қалпына келтіріп, пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға берілуде. Бұған жергілікті тұрғындар ризашылығын білдіріп те жатыр.
– Ол рас. Қазір пәтер кезегінде 1432 адам тұр. Басты міндет-тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту.Бұл жұмыстар да тиісті деңгейде шешімін тауып келеді.
Мәселен, 2021 жылы 3 мөлтек ауданынан 74 пәтерлі үй күрделі жөндеуден өтсе, дәл осы ықшам ауданда №17 үй қайта жаңғыртылды. Биылдың өзінде Б.Момышұлы көшесі №13, №10, 3 мөлтек ауданы №16,№5,№6 көппәтерлі үйлер толықтай күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрған 1432 адамның 372-і баспаналы болды. Бұл шағын қала үшін аз көрсеткіш емес.
Жұмыстар мұнымен шектелмек емес. Қазірдің өзінде И.Панфилов көшесінде 36 пәтерлі тұрғын үйдің және Б.Момышұлы көшесіндегі №15, №17, 3 мөлтек ауданындағы №64 үйге құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәтін салса алдағы уақытта 261 адам баспаналы болмақ.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: -Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма бердім»,-деген болатын. Бұған дейін қала ішіндегі көлік жолдары туралы тұрғындар тарапынан талап-тілектер аз айтылған жоқ. Бұл мәселе қазір қалай шешіліп жатыр?
– Көлік жолы өте өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта қала көлемінде көп жұмыс атқарылып жатыр деу­ге болады. Қалада 130 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 94,8 шақы­рымды құрайды. Оның ішін­де 28 көше саяжай аумағында орналасқан.
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жасалған даму кешенді жоспары аясында қаладағы тозығы жеткен 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. 2022-2023 жылдарды есепке алмағанда биыл қала ішінде 9,5 шақырымды құрайтын 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, осы көшелерден артылған қосымша қаражат есебінен 3 көше Қ.Жатқанбаев, А.Чехов және Қ.Рысқұлбеков бұрылысы қалпына келтірілді.
Арбатас, И.Панфилов, Тамды әулие көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жасалды. Асфальт жабындылары төселіп, бордюрлер орнатылды. Қаратау қаласына батыстан кіре беріс автомобиль жолының 2,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, И.Панфилов көшесі бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Негізі асфальттау жұмыстары 2025 жылға өтпелі саналады.
Амангелді және П.Качесов көшесіне тротуар орнатылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Бүгінгі күнге 18,2 шақырымды құрайтын 37 көше жөндеуді қажет етеді. Жоспарға сәйкес 2027 жылы қала ішіндегі тас жолдардың жағдайы 100 пайызға қамтылады деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлігі қала ішіндегі бірқатар жолдардың тозығы жетіп, қыстағы қарлардың еріген суралы мен көктемгі жауынның әсері­нен тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық тудырмауы үшін жөндеу көрмеген 15 көшеге шағал төселіп, ойық жолдары тегістелді.
Жолдарды қалыпқа келтіргенде көше жарығын орнату жұмысы да қатар жүргізілді. Мәселен, 2021 жылы жеке кәсіпкер «Про сервис» 1453,0 мың теңгеге «Флора» саяжайындағы орталық көшелердің бойында орналасқан электр желісінің бағандарына 13 дана, сонымен қатар Т.Қойшығараұлы мен И.Панфилов көшелерінің қиылысына жарық шамдары қойылды. 2022 жылы Ә.Ақшораев, И.Панфилов, Ә.Молдағұлова көшелеріндегі көпқабатты үйлер мен қаланың күншығыс бетіндегі Амангелді, Байходжаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Қ.Сәтбаев көшелеріне диодты түнгі жарықшамдар қойылды.
Дәл осы жылы А.Шейн мен Б.Момышұлы көшелерінің аралығы нақтырақ орталық мешіт жанынан және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі мен 3 мөлтек ауданындағы №26 көппәтерлі үйдің ортасында, Ә.Молдағұлова көшесі №53 үй мен №41 үй аралығына жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселді. Сондай-ақ, С.Сейфуллин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір жөнделді. Қаладағы «Самал» қарау алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Бекітілген жоспарға сәйкес қала­дағы Б.Момышұлы, Т.Рысқұлов және Ә.Молдағұлова көшесінің бойын­дағы 4 арка қайта жөнделді. Оның маң­дайшасына елге белгілі тұлғалардың қанатты сөздері жазылды.
Ал, биыл қалада 8 көшеге жарық шамдар орнатылды. Одан үнемделген қаражат есебінен тағы 5 көшеге жарық тарттық. Ағымдағы жылдың басынан жалпы саны 25 көшені жарықтандыру жоспарда бар. Сонымен қатар жыл соңына дейін қосымша 12 көшеге, атап айтқанда Домалақ ана, І.Жансүгіров, Т.Тәттібаев, Д.Нүрпейісова, М.Жұмабаев, Ақан сері, Ю.Алексеев, Қ.Тоқтыбайұлы, Т.Тоқтаров, Қ.Шырынбекұлы, Ж.Жабаев және Қойгелді батыр көшесі жарықтандырылады.
– Соңғы жылдары қала аумағында спорт және ойын алаңшалары көптеп салынуда. Мұндай бастама өз кезегінде қаланың көркін келтірумен қатар, балаларға да үлкен қуаныш сыйлауда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында: -Ұлт саулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту-пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы, мықты ұрпақты қалыптастырамыз,-деп тиісті міндеттер жүктеген болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда кең көлемде жүргізіліп жатыр. Ортақ игілікке арналған бастамаларға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың үлкен қолдау танытып отырғанын айта кету керек.
Қаладағы шағын футбол алаңшаларының 90 пайызға жуығы жаңартылды. 2022-2023 жылдары аралығында 3 мөлтек ауданы және М.Мәметова көшесінен жаңадан шағын футбол алаңы және 3 мөлтек ауданы №18, Ә.Молдағұлова көшесі №59-61 үйлердің ауласындағы шағын футбол алаңдары қайта жаңғыртылды. Д.Нүрпейісова көшесіндегі ескі балабақшаның орны тегістеліп, жаңа футбол алаңшасы мен стрит вораут соғылды, жарықшамдар қойылды. Көше тұрғындарының бір мезгіл сейіл құруы үшін демалыс орны да жасалды. «Жастар» саябағына қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, онда балалар ойын алаңшасы мен стрит воркаут бой көтерді. Сонымен қатар «Орталық саябақ» ішіндегі гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп ұстау үшін Тамды өзенінен арнайы құрылғы орнату арқылы суландыру жұмыстары жүргізілді. Онда жаңадан қоғамдық әжетхана соғылып, кіре беріске субұрғақ орнатылды.
Біз үшін биылғы 2024 жыл оңай болған жоқ. Олай дейтініміз-өзімізге қыруар міндетті жүктедік. Жауапкершілік жүктеу бір бөлек, ал оны жүзеге асыру үшін табан­ды­лық қажет. Бұл мәселеде аудан әкімі де қолдау беріп отырды.
Тек үстіміздегі жылдың өзінде 17 балалар ойын алаңшасы мен 1 шағын футбол алаңы ашылды. Шағын қала үшін бұл үлкен жаңалық. Әлі де көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларына 14 стрит воркаут және 28 балалар ойын алаңшасын соғуды қажет етеді.
Бұл мәселеде біз де мынадай ұйғарымға келдік. Тазалыққа мән беріп, ауласын ұқыпты ұстай білген тұрғын үйдің маңынан сұранысқа сай балалар алаңшасын соғып береміз. Ендігі жерде талап осылай болмақ. Өйткені, тазалыққа мән беруіміз керек. Көктемгі және күзгі екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстары қаланы таза ұстауға бағытталады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясына мекеме қызметкерлері мен еріктілер қатысып, белсенділік танытты. Оларға үлкен ризашылығымды білдіремін. Кейбір көппәтерлі және жеке сектордағы үй иелері де қарап қалған жоқ. Олардың танытқан белсенділіктері мен атқарған жұмыстарын бағалап, аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстап, арнайы сыйлықтарды тапсырдық. Мұндай бастама алдағы уақыттарда да жалғасын табады. Ондағы мақсат-қала тазалығына көңіл бөлу. Сайып келгенде, көшенің көркі, ауланың ажары оның тазалығымен өлшенеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан Нарбол Қашаған

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.