A place where you need to follow for what happening in world cup

Географиялық нұсқама дегеніміз не?

1 450

Географиялық нұсқама (ГН) – белгілі бір географиялық шығу тегі бар және осы шығу тегіне байланысты қасиеттері немесе айрықша беделі бар өнімдерде қолданылатын белгі.

ГН ретінде қызмет атқару үшін нұсқама белгілі бір жерден (географиялық аумақтан) шыққанын растау керек.

Мысалы, Алматы апортының бірегей қасиеттері алма ағаштарының өсетін жерінің ерекше қасиеттерімен тікелей байланысты – бұл теңіз деңгейінен 900-1200 м биіктіктегі Алатау бөктері. Осы аймақтың (Алматы қаласы және Алматы облысы) топырақ және климаттық жағдайларының үйлесуі апорттың дәміне, құрылымына және сыртқы түріне әсер етеді. Апорт ұмытылмас иісімен, 700 граммға дейін жететін ірі жемістерімен, ерекше түсі және шығу тарихымен Қазақстан өнімінің жоғары сапасының кепілі және бренді болып табылады.

Адами фактор ықпал еткен тауарларға: швейцариялық сағат, богемия шынысы, иран кілемдері және т.б. жатқыздыруға болады.

ГН ТІРКЕУГЕ КІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ БАР?

Географиялық нұсқама, әдетте, ұжымдық құқық болып табылады.

Өндірушілер оларды ұсынатын кооператив немесе қауымдастық сияқты бірлестіктер ретінде ұйымдастырылуы мүмкін және өнімнің белгілі бір келісілген немесе қолданылатын талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.

Кейбір юрисдикцияларда қорғауды ұлттық құзыретті орган (мысалы, жергілікті билік органы) сұратуы мүмкін. Мысалы, көптеген елдерде ГН ауыл шаруашылығы министрліктеріне тіркеледі.

ҚАНДАЙ ӨНІМДЕР ГН РЕТІНДЕ ТІРКЕЛУІ МҮМКІН?

Ауыл шаруашылығы өнімдері

Азық-түлік, гастрономия, дәстүрлі тағамдар

Шараптар мен спирттік өнімдер

Қолөнер бұйымдары

Қызметтер (дәстүрлі медицина)

ГН негізгі функциялары:

Шыққан жерін көрсету

Сапа кепілдігі

Қосымша құн.

ГН ҚОРҒАУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Шығарылған/өндірілген жеріне байланысты тауарлар қосымша құн орнату мүмкіндігіне және тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие. Маркетингте артықшылықтар алу, ауылдық аудандарды дамыту, танымалдылықты арттыру, туристерді тарту, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, кең экспорттық мүмкіндіктер — ГН қорғау/тіркеу артықшылықтарының аз ғана тізімі.

ГН белгісі өнімді, сондай-ақ нарықтың барлық қатысушыларын (тұтынушылар мен өндірушілер) біреудің ГН заңсыз пайдаланудан қорғай алады. ГН тұтынушыларға өнімнің шынайы шығу тегі мен сапасына кепілдік береді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НҰСҚАМАЛАР

Қазіргі уақытта қазақстандық заңнама тауар шығарылған жердің атаулары мен географиялық нұсқамаларды біріктіретін ГН-ды қорғаудың екі құралын көздейді. Қазақстанда ГН-ды құқықтық қорғау 2022 жылдан бастап жүзеге асып келе жатыр.

Ғалымжан Қуатбеков,
Жамбыл облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы

Қолданылған материалдар:

  1. А. Артықова. Географиялық нұсқама-қарапайым сөздермен.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.