A place where you need to follow for what happening in world cup

Бақыттың кілті – қолыңда

479

Көне заманда біздің санамызға «қазақ қыздарының бас бостандығы, теңдігі болмаған» деп, «атастырған, құда түскен, қалың мал алған» дегендердің бәрінің бояуын қалыңдатып, жиреніш сезімді туғызып, ата-дәстүрімізден әбден алыстатуды жоспарлы түрде жүргізген ғой.
«Бәрі сүйгеніне ғана қосылуы керек» деген – бекер сөз. Сүйгеніне қосылу, яғни махаббат деген ілуде біреуде болатын сезім. Біреулер «менде махаббат деген сезім болған жоқ» десе, қайран қалып, аяп жатамыз. Жоқ, ол да өнер, талант сияқты, барлық адамдарда бола бермейді. Сөйтіп махаббат деген қолға түспес, көзге көрінбес сағымды іздеп, қанша қыз тұрмысқа шықпай жүр.
Бір-бірінің сырын, қадірін білетін үлкендердің балаларын жастай атастыруының айыбы жоқ. Отбасылық саясатты ұстанып, ата-аналары сыйластықты балаларының құлағына құйып, үлкендерде өзара тазалық, құрмет болса, жастар осы адамгершіліктен сусындап, сүйіспеншілік сезімдері оянып, тағдырларын қосады.
Батыстық тәрбие біздің болмысымызға келмейтініне көзіміз жетті. Баршамызға аян, қазір дамыған елдерде халық санының мүлдем азаюына жастардың үйленбей жүріп алуы немесе өзімшілдікпен балалы болмау, бір жынысты некелердің көбеюі себепші болып отыр. Масқара болғанда, осы жиіркенішті үрдіске жастарымыздың ілесе бастауы – қазақтай аз халықтың тамырына балта шабу деп білеміз.
Бүгінде «көрмес – түйені де көрмес» жандар көбейіп бара жатыр. «Рухани жаңғырудың» да суретін көреді, ішіне үңілмейді. Егер көре білсек, бізге «әмбебап үлгінің» қажеті жоқ. Бізге қазақ деген елдің «дербес даму үлгісін» жасау қажет. Осыған орай, ұлттық тәрбие бойынша ұсынарым осы:
-Жастарды ерте үйлендіру. Көбінде текті, жақсы танитын жандармен құда болу. Балалардың санасына бала кезден бастап отбасылық өмірді, қыздың орны, ұлдың міндеті қандай болатынын құя беру;
-Ер азаматтың негізі міндеті: отбасының тірегі, асырушысы, ақыл-ойы болу;
-Әйел баласының негізгі міндеті: бала табу, адал жар, ана болу, отбасының ұйытқысы болу;
-Елжандылықтың жолы – өмірге ұрпақ әкелу, бақуатты болу;
-Отбасында балаларды еңбекке баулу, ой еңбегі мен дене еңбегін тең ұстау; орынсыз еркелік ойсыздыққа, ойсыздық бақытсыздыққа апаратынын ата-ана түсінуі қажет;
-Балаларға тең қарау, олардың арасындағы бауырмалдықты сәт сайын қадағалап, бір-бірлерінен алшақ болуға ешқашан жол бермеу керек. Ол үшін отбасындағы үлкен-кіші мәселелерді ата-ана балаларымен бірге отырып талдап, сөйлесіп, пікірлерін сұрап отыру қажет;
-Балаларға кішкентай кезден дүниенің парқын, бағасын ерте бастан түсіндіріп, қаржы тәрбиесіне сауаттандыру қажет. Мына заттың бағасы осынша, мұның саған немесе отбасымызға қаншалықты қажеттілігі бар, дегендей.
-Баладан үлкендер: «Қандай арманың бар?», «Өскенде кім боласың», «Қандай үйде тұрасың, қандай көлік мінесің?», «Ана-анаңды қандай үйде тұрғызасың, олар кімдермен тұрады?» дегендей сұрақтар қойып, ойын жазып, суретін салып көрсет деп тапсырма берген дұрыс. Бала өскен сайын армандары өзгеріп отырады. Сондықтан ата-аналар бұл тақырыпты түрлендіріп, балаларынан сұрап, біліп отырғаны көп пайдалы болады.
-Ата-ана мен балаларының арасында тікенек шекара болмау қажет. Шынайы көмек, бүкпесіз қарым-қатынас орнаса, балалар әке-шешесіне сенеді. Сенім көп қиындықтардың, қателіктердің алдын алады.
-Кешірім екіжақты болуы тиіс. Балалары қателік жасаса немесе қыздары шалыс басып, қателіктерге душар болып жатса, оны өмірдің ең үлкен қасіреті деп қарамай, демеу керек. Кешіре білу керек, қолдау көрсетіп, нәрестені өмірге әкелуге, оны бауырына алуға дайын болсын. Алла кешірмейтін қылмысты балаларының жасауына жол бергізбек – екі жақтың да парызы.
-Үлкендер де періште емес, егер ата-аналарында да кемшілік болып жатса, балалары түсінуге, тірек болуға тиіс. Өмірде бәрі болады…

Гүлтас Құрманбай,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Назарбаев Университеті «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры, профессор

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.