A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі Б. Сапарбаев қордайлықтардың ахуалымен танысты

232

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауыл тұрғындары тіршілігінің қалыпты жағдайға түсу барысын барлады.

Жұмыс сапарында аймақ басшысымен бірге облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК Департаментінің бастығы Марат Ирменов және полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов  еріп жүрді.

Алдымен өңір басшысы 3,5 мың тұрғыны бар Қарасу ауылындағы  дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрды.  25 келушіге арналған емдеу мекемесі барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылы ауылда 70 сәби дүниеге келген десек, жергілікті тұрғындарды вакцинациялау және скринингтік тексеру деңгейі 95 пайызға жеткен.

Аталған амбулатория ғимараты 1991 жылы салыныпты.  Бүгінде тозығы жеткен бұл нысанды облыс әкімі күрделі жөндеуден өткізу  туралы ұсынысты қолдады. Ол үшін тиісті құжаттамалар дайын екен.

Медициналық қызметкерлермен кездесу барысында Бердібек Машбекұлы  дәрігерлерді бюрократиялықтан аулақ болуға, тұрғындарға сапалы және уақытылы дәрігерлік көмек көрсетуге, пациенттермен сыпайы қарым-қатынас орнатуға шақырды.  Аймақ басшысы барған келесі нысан ауылдағы    «Балапан» балабақшасы болды.  Ондағы мемлекеттік тілдегі үш топта барлығы 75 бала тәрбиеленуде.

Сондай-ақ, аталған елді мекендегі  № 7 орта мектепте 1033 оқушы білім алуда десек, ондағы сабақтар қазақ және орыс тілдерінде  жүргізілуде. Өткен жылы оқу орнын 31 түлек бітірсе, бірінші сыныпқа 134 бала қабылданған. Өңір басшысы мектептегі технология сабағына қатысып, жоғары сынып оқушыларын әңгімеге тартты. Мұғалімдермен кездесу барысында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын, мұғалімдердің жалақысы жоспарлы түрде артып отырғанын атап өткен Б.Сапарбаев  бұл орайда мұғалімдердің де балаларға сапалы және заманауи білім беруі  міндеттілігін баса айтты.

Бұдан соң Масаншы ауылына барған облыс әкімі №13 орта мектептің басшылығын қатаң сынға алды.  Аталған білім ордасының оқушылары бұған дейін бірде-бір рет  «Алтын белгі» немесе Үздік аттестатқа ие бола алмаса, мектептің бір  ғана түлегі  ЖОО бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Өңір басшысы аралаған кезде оқу ордасының сыныптарындағы оқушылардың сабақта  тек 27 пайызы ғана болғандығы да ондағы білім беру жұмыстары мен тәртіптің әлсіздігін байқатса керек.

«Байқап тұрғанымыздай мұғалімдер мен ата-аналар арасында тығыз байланыс жоқ, оқу үдерісінің сапасына, өскелең ұрпақты патриотизм, мәдени-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер рухында тәрбиелеуге тиісті көңіл бөлінбейді», — деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға келер  дүйсенбі күні барлық оқушылар сабаққа түгел келуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берді.

Облыс әкімі Масаншы ауылындағы аурухана ұжымымен әңгіме барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шараларына назар аударды. Бұл орайда ағымдағы жылдың 1 сәуіріне  дейін барлық азаматтар сақтандырылуы керектігіне көңіл бөлді. Бүгінде медициналық ұйымдар қызметкерлерінің  жалақы мөлшері  артып келе жатқанын тілге тиек еткен аймақ басшысы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Аталған ауруханадағы дәрігерлердің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, екпе егу шаралары жоспарлы түрде орындалып,   «ДамуМед»электрондық бағдарламасы  жүйелі  жұмыс істеуде екен. Алайда  олар  тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін алдыға тартты.

Сондай-ақ, облыс басшысы Қаракемер ауылындағы  Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің,  100 орындық «Айсұлтан» балабақшасы мен «Молдасейіт» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Педагогтармен кездесуде оқушылардың  рухани тәрбиесіне, сабақтастықтың сақталуына аса назар аударудың маңыздылығын жеткізді.

«Балалар ұлттық — мәдени дәстүрлерден сырт қалмай, рухани байлықтарды жете түсініп өсуі керек.  Аға буын өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, мектептер өз түлектерімен тығыз байланыс орнатып отыруы қашанда маңызды», — деді Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Машбекұлының аудандағы жұмыс сапары Ауқатты ауылында жалғасты.  Онда тірек полиция бекетіндегі құрылымдық күштері  басшыларының қатысуымен қызу әңгіме өтті. Айта кетейік, аталған  полиция бекеті бірнеше жыл бұрын жақын маңдағы алты ауылдық округте криминогендік жағдайды жақсарту үшін құрылған. Бүгінде  бекетте 19 қызметкер жұмыс жасайды.

Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының қатысуымен кездесулер мен арнайы жиындар жиі өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. Осы орайда бекет жұмысына қатысты мәселелер де жоқ емес десек,  оларды шешумен облыстық департамент пен аудандық полиция бөлімінің жаңа басшылығы айналысатын болды.

Бұдан соң облыс әкімі Ауқаттыдағы 100 балаға арналған «Тілашар» жеке меншік балабақшасының жұмысымен танысты.  Сонымен қатар,  ауыл мешітіне қарасты кең залда  Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Масаншы, Қарасу және Қарасай ауылдық округтерінің тұрғындарынан құралған қоғамдық келісім кеңесінің отырысына қатысты.  Онда   жаңа  құрылымның жұмыс бағыттары мен нақты іс-қимыл жоспары талқыланды.

Сортөбе ауылындағы 450  оқушы оқитын №48 орта мектеп мұғалімдерімен кездескен Б.Сапарбаев мемлекеттік тілді үйренуге, әсіресе оған орыс мектептерінде көбірек көңіл бөлу керектігіне назар аудартты. Балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыруға көңіл бөлді.

Аудандағы жұмыс сапарын қорытындылай келе аймақ басшысы адамгершілік-тәрбие бағытындағы жұмысты күшейте түсу керектігін айрықша тоқталды.

«Біз өскелең ұрпаққа  сапалы білім беруге тиіспіз. Қордай ауданында  орын алған оқиғаның басты себептерінің бірі жастарды тәрбиелеудегі кеткен кемшіліктер  десек қателеспейміз. Сондықтан да біз осыған аса назар аударғанымыз жөн.  Жас қазақстандықтарды патриотизм мен төзімділік рухында тәрбиелеудің пәрменді жүйесін құруымыз керек, — деп қорытындылады өз сөзін Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.