Қылмыспен күресу, қоғамда заңбұзушылыққа төзбеу қағидатын орнықтыру – ортақ іс. Дегенмен, заңның қаталдығына қарамастан ардың ала жібінен аттап кететіндер аз емес. Ал олардың әрекетін дер кезінде анықтап, қылмысты ашу – полицейлердің тікелей міндеті. Бұл тұрғыдан келгенде соңғы жылдары тәртіп сақшыларына жасалып жатқан жағдайлар өзінің оң әсеріп беріп, қылмыстың ашылу деңгейі артып келеді. Жамбылдық полиция қызметкерлері де қатардан қалмай, ел ішінде орын алған заңсыздықтармен күресте біліктіліктерін көрсетіп келеді.
Соның бір айқын дәлелі – жуырда ғана болған өзгенің мүлкіне қол сұғу дерегінің ізін суытпай кінәлілерді анықтауы болды. Толық айтар болсақ, полицияға Мойынқұм ауданының 82 жастағы тұрғыны шағымданған. Ер адам, ағымдағы жылдың 12 мамырынан 13 мамырына қараған түні бетперде киген екі белгісіз тұлға жасырын түрде жазғы ас үйге кіріп, жалғыз өзі ұйықтап жатқан кезде күш қолданып, шабуыл жасап, жастығының астынан 5 миллион теңгесін ашық түрде алып кеткені туралы хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері 1977, 1984, 1987, 1985 жылдары туылған төрт ер азаматты анықтады. Оның үшеуі-Қордай ауданының тұрғындары, біреуі-Алматы облысының тұрғыны.
Тергеу анықтағандай, күдіктілер 2022 жылдың 13 мамырына қараған түні алдын ала сөз байласу арқылы Мойынқұм ауданына осы қарақшылық қылмысты жасау үшін келген. Белгілі болғандай, күдіктілердің ішіндегі біреуі жәбірленушінің туысы болып табылды және одан бірнеше рет қарызға ақша сұраған. Ол қасындағы серіктестеріне қарақшылық жасауға кеңес берген.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігі (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар қажетті сараптамалар да тағайындалды.
Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал тағы бір қатысушысының орналасқан жері анықталуда.