Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аумақты патрульдеу кезінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 505-шақырымында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін шетелдік нөмірдегі «Honda Elision» маркалы көлігін тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде ер адамның полиция қызметкерлеріне автокөліктің жалған техникалық құжаттарын бергені анықталды.
Бұдан басқа, полицейлер автокөліктің көлік құралын тіркеу туралы куәлікте көрсетілген елдің тіркеу есебінде тұрмайтынын анықтады.
Жүргізушінің өзі түсіндіргендей, ол көлікті 2021 жылдың қыркүйегінде сатып алған және көліктің құжаттары жалған екенін білмеген, өйткені базада тексеру кезінде көлік шет мемлекетте тіркеуде болған.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті шетелдік есепке алынған автокөлік сатып алмас бұрын, барлық құжаттарды, сондай-ақ шет мемлекеттің ІІМ базасы бойынша мұқият тексеру керектігін ескертеді. Іздеуде немесе айдауға тиым салынған көлікті сатып алу қаупі жоғары.
Есептен шығарылған көліктерді ғана сатып алуды және заңда белгіленген тәртіппен өз атыңызға тіркеуді ескертеді.