A place where you need to follow for what happening in world cup

Туған жерін түлетпек

338

Ұшқан құстың қанаты талатын, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр даламызда орын тепкен бас қалаларымызда бүгінгі таңда әлемнің сәулеттік өнерімен иық тіресетіндей көз тартар ғимараттар жыл санап көбейіп келеді. Тоты құстай таранған, ару қыздай сыланған, көздің жауын алатын сол ғимараттардың қай таланттың қиял ұшқырлығынан туындағанына бажайлап, мән бере бермейміз. Төрткүл әлем тамсанып, таңдай қағып отырған астанамыздағы Елбасының резиденциясы, Есілдің сол жағалауында орын тепкен айшықты ғимарат-Ақорданың жобасын жасаған белгілі архитектор, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Байғұтты Тортаевтың киелі Шу өңірінен шыққанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Ақтөбе ауылында балалық шағы өткен ел ағасының отбасы мүшелерінің барлығы дерлік өнерге жақын болған. Әкесі де он саусағынан өнер тамған шебер кісі деседі. Мұндайда қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қанатты сөзі ойға оралады. Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүрген шағында сызу пәніне бейім болып, қабырға газетін жасауға белсене араласқан. Арманы асқақ бозбала архитектура саласына келу үшін көп еңбектенеді, тер төгеді. Ол кездері ауданға «Архитектура СССР» журналының бір-ақ данасы келетін болған. Сол журналға жазылып, төрт-бес жылдай машықтанады. Өзі ғана біліп қоймай, білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған. Соның әсері болса керек,өзінен кейінгі ізін басып келе жатқан інісі Арапбай да архитектура саласына мойын бұрады. Бір қызығы, Байғұтты Сейітжанұлының бір емес өмірге әкелген бес баласы да әке жолын қуады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегеннің айғағы осы болса керек-ті. Үлкен қызы Индира еліміздің 15 қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің авторы. Бүгінде еңбегі еленген әулет көпшілікке «Тортаевтар династиясы» деген атпен танылып үлгерді. Ағайынды Тортаевтар Ақордадан бөлек, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот сынды жалпы саны 30-дан астам ғимараттың сызбасын сызып, авторы атанды.

Өркендеу жолындағы мемелекетіміздің айбынды азаматы ретінде өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген, зейнет жасына жеткен Байғұтты Тортаевтың еліне берері әлі де таусылған жоқ.  Іскер азамат ылғи да ілкімді ізденіс үстінде жүреді. Дамушы мемлекеттің технологияларына да бой созып, жаңашылдықты өз Отанында тәжірибеден өткізуге бел байлап отыр. «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы берік ұстанатын атпал азамат өскен өңірін түлетуге атсалыспақ. Берер жемісі мол жоспарларын жүзеге асыруды туған жерінен бастауды жөн көрген екен. Яғни нанотехнологияның үлкен жетістігі саналатын құрылыстың бір түрі-легоблоктар арқылы үй салуға қазірден қызу кірісіп кетті. Шу қаласындағы Қосқұдық мөлтекауданында орналасқан «Ремзовод» ғимаратының ішінде құрылысқа қажетті материалдарды өндіруде. Тіпті, ауданның жұмыссыз азаматтарын жұмыспен қамтып үлгерді. Қазіргі уақытта зауытта 8-ге жуық жұмысшы бар, алдағы уақытта жұмыс қарқынды жүріп жатса тағы 10-нан аса жігіттерді жұмысқа жұмылдырмақ ойы бар. Бүгінде жұмыстың басы-қасында қадағалап жүрген сәулетшінің ізін басар баласы-Нұрым Тортай жұмысшыларды өндірістік салада баулуда. Заманауи озық тәжірибелердің нәтижесі саналатын легоблоктардан салынған үйдің бірқатар артықшылықтары бар екен. Үйдің қабырғасына арналған легоблоктардың ішкі құрылымына «Симпролит» құрылыс жүйесін қолданбақ. Бұл технологиямен салынатын үйлердің салыну мерзімі бір айдан артық ұзамайды және қысқы уақытта да құрылыс жүре береді. Яғни бір жылдың ішінде бірнеше үй бой көтереді  деген сөз. Қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс түсіп үлгерген. Сондай-ақ, баспаналы болғысы келетін азаматтарға алдағы уақытта арнайы бағдарламамен үй салып беру жолдары да қарастырылу үстінде. Байғұтты Сейітжанұлының бұдан бөлек ауданға маңыздылығы бар нысандарды салу да жоспарында бар екен.Ой сүзгісінен сұрыпталып өткен жүйелі жоспарлары алдағы уақытта аудан басшылығы тарапынан да қолдау табатынына сенімі мол.

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров «Осы бізде 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сонда біздің 5 мың қазақтың жігіті сол ауылымызды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек…» деген болатын. Шын мәнінде, бас қалада жүріп абырой мен беделге ие болған белді азаматтың туған жерін түлетуге бағыт алғаны-асқан көрегендіктің белгісі деп білемін. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, өскен өңірінің өркендеуіне сүбелі үлес қосуға ниеттенген Байғұтты Тортаевтың болашағы зор бастамасының нәтижесін көргенде жерлестері ауыз толтыра мақтанышпен айта жүреді деген сенімдемін.

Айғаным АСҚАРБЕК

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.