A place where you need to follow for what happening in world cup

Тағдыры тарих қос ғұмыр

4 484

Өткен ғасырдың зұлмат соғысы жайлы аз жазылған жоқ. Дүниені дүр сілкінтіп, адамзат баласына қарсы жасалған запыран сұмдықты басынан кешкен сол кездің адамдарына қандай құрмет көрсетсе де лайық.

Соғыс туралы да айтылар сөздер ескіріп, жаңа заманның көшінде уақыт өте келе көмескілене берері анық. Қазірдің өзінде кәмелетке толған балалар өткен заманның аталары көрген мехнаттарын кинолардан ғана көріп, үстірт қана көз жүгіртіп қояды. «Лайым болашақ ұрпақ бағзы заманның ертегісіндей сезініп, енді мұндай заман болмасын» деп тілейтін, соғыс кезінде туған балалардың өзі қазір сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ағайынды Анарбек, Қалдарбек, Қарабек Әденовтер Ақсу ауылында (бұрынғы Ескі-Шу) дүниеге келген.

Ол кезде жергілікті халық өкілдерінің ішінде теміржолда істейтіндерге «брон» берілетін. Себебі, әскери салада теміржол қызметі алдыңғы қатарда кезек күттірмейтін өте қатаң тәртіпте еді. Шақырту қағазы сырғанап, күндердің күнінде ағайынды Әденовтерге де жеткен еді. Қайран қазекемнің арда көңіл мінезі мен мәрттігін-ай! Ағайындылардың ішінен Анарбекке бірінші шақырту қағазы келгенде, інісі Қалдарбек әскери комисариатқа «Мен Анарбекпін» деп өзін ұсынып, баласы Оразды ағасы Анарбектің атына жаздырып, «ұрпағы өрбісін, бір атаның баласы едік, түтіні өшпесін» деген оймен жеңгесінің етегіне салып берген. Не деуге болады? Дүниежүзінде дәл осы қазақ халқының мәрттігіндей асыл ойлы азаматтар аз шығар?! Баласын бауырына беріп, ағайындықтың арасын ажыратпайтын ғұрып әлі де бар. Бірақ, бауырының орнына зұлмат соғыстың өртіне өз еркімен аттану – екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Мұның бәрі – бесікте емген ана сүтінің айнымас бауырмалдығы мен ата тәрбиесінің болаттай берік тұтастығының арқасы.

Ел үшін, болашақ үшін қаншама ғұмырлар қиылды. Аспан күңіреніп, жер қозғалған сұмдық заманға тап келген аталардың қайыспас ерлігіне қалай бас имейсің?! Ертең өзінің қандай жағдайға душар болатынын біле тұра өзін-өзі қиып, қайтпас сапарға аттануы ерлік емей, немене?! 1942 жылдан соғысқа араласып, жеңіс күніне тоғыз ай қалғанда мерт болуы – өзекті өртер өкініш.

Енді артқа шегініс жасап, «Қалдарбек Әденов кім?» дегенге келсек. Ол 1911 жылы бұрынғы Ескі-Шу округінде дүниеге келген. Өзінің еті тірілігінің арқасында латынша сауат ашып, кейінірек орыс тілін оқып-жазуды жетік меңгерген. Кеңес заманы орнағанда белсене атсалысып өз төңірегіне ұйтқы болған. Сол кездері Шу-Мойынты, Шу-Шоқпар теміржол құрылысына жұмысшы-жастарды ұйымдастыру кезінде Тұрар Рысқұловпен кездесіп, төңіректегі ауылдарды теміржол бойына отырықшылыққа орналастыруға көп еңбек сіңірген. 1930-1932 жылдары озық ойлы азамат заман ағымындағы небір қитұрқы әрекеттерге өз әлінше қарсы тұрған кездері де болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 1941 жылы өзінен алты жас үлкен ағасының ауылда қалуын ойлап, өз сұранысымен соғысқа аттанған. 276-шы атқыштар дивизиясында, кейіннен 873-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысты. 1944 жылы Житомир облысы, Любарск ауданы, Киреевка селосын азат ету үшін болған ұрыста қаза болды. 1943 жылы әскерге шақырылған Қарабек Украина майданында болып, 1945 жылы дін-аман елге оралды. Өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығында еңбек етті. Алтынның ұнтағы, тектінің жұрнағы деген теңеулердің осындай жандарға атадан балаға мирас болып тараған қасиеттерінен айтылса керек. Қалдарбектен тараған Көбейдің қызы кәсіпкер Жанар Көбейқызының көрсетіп жүрген көптеген жанашыр істерінің куәсі болып жүрміз. Еңбек бастауыш мектебінің асхана бөлмесіне құны 90 мыңдық үстел, орындықтар әперіп, ауданымыздағы көпбалалы жанұяларға үзбей қомақты материалдық көмектерін көрсетуде. «Алдымызда келе жатқан Жеңістің 75 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысында шейіт болған аталарымыздың құрметіне қандай жақсылық жасаса да жарасады деп ойлаймын. Ол кісілердің бәрін батыр деуге болады. Себебі, осындай бейбіт заманды бізге жан алысып, жан берісіп орнатып берген аталар рухына мәңгі тағзым ету – біздің міндет» деп Жанар ақжарма ойын айтты. Қалай десек те, өте орынды айтылған ойлы сөзге біз де қосылдық.

Бұл – ағайынды Әденовтер әулетінің басынан кешкен бір ғана мысал. Шу ауданынан майданға бес мыңнан астам тепсе темір үзетін атпал азаматтар аттаныпты. Өкінішке орай, тең жартысынан астамы елге оралмаған. Еңбек ауылында әкелі-балалы Ләжар, Қабылбек Өскенбаевтар бір күнде әскерге алынып, екеуінен бір күнде қара қағаз келгенін бүгінге дейін ауыл қариялары айтып отырады. Небір өрімдер, небір боздақтар із-түссіз кетті. Ой жүгіртіп, зерделесеңіз, ешқандай марапатсыз «Бәрі майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранды ұлықтап, тәулігіне 14-16 сағат жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектері ерліктің ұшар шыңы деуге болады. Бүгінгі ұрпақ – біз аталар ерлігіне мәңгі қарыздар екеніміз рас. Біреудің жалғызы, біреудің жампозы кеткен соғыстың жеңіспен аяқталғанына төгілген қан мен қиылған жандардың ерлік істері куә. Еңбек ауылында жүз жасаған Айшакүл әжей: «Қарақтарым, бақытты заманның бақытты балаларысыңдар, құдай сендерге өткен заманның кесапатын көрсетпесін. Соғыс құрбандарының есімін әрқашан құрмет тұтып, мақтануларыңа болады. Олар сендердің бақыттарың үшін кетті. Сендерге менің көргенімді бермесін, жасымды берсін» деп тілегін айтты. Иә, соғыс құрбандарының кез келгенін еске алып рухтарына бас ию – бүгінгі ұрпақтың өшпес парызы.

Несіпхан Қоңырбаев, журналист.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.